Бүгін, ақпанның 13-і күні Сочи Олимпиадасында өтетін сайыстар тізімін назарларыңызға ұсынамыз.

Жарыс жолына бірінші болып шаңғышылар Елена Коломина, Татьяна Осипова мен Анастасия Слонова шығады. Классикалық мәнермен 10 шақырымдық қашықтықта сайысқа түсетін жерлестеріміздің жеңіске жетуі екі талай. Дегенмен, «үмітсіз шайтан», отандастарымызға сенеміз артамыз. Ең болмағанда арасынан біреуі суырылып үздік 30 спортшының қатарына енеді деген үміт бар. Жарыстың басталу уақыты 16:00-да.

Тура бір жарым сағаттан кейін шорт-трек жарысы басталады.  Қазақстандықтар 5000 метр қашықтықта жүлде үшін таласады.

Сағат 20:00-де биатлоннан ерлер арасында жекелей сайыстар басталады. Көшбасшылар қатарында қазақстандық спортшылар жоқ. Сондықтан Сергей Наумик, Антон Пантов, Ян Савитский мен Александр Трифоновтан сенсация күтеміз. 

Бұл кезде «Адлер-Аренада» конькишілер үздікті анықтайтын болады. Әйелдер арасындағы 1000 метр қашықтықта Екатерина Айдова ел намысын ортаға салады. Кузиннің кешегі сәтсіздігінен кейін конькишілерден көңіліміз қалғандай. Десек те жерлесімізге жақсы нәтиже көрсетіп жарысты абыроймен аяқтауына тілектеспіз.

Үкілеген үмітіміз Денис Тен мен қандасымыз Абзал Рақымғалиевке барша қазақстандық көрерменнің назары ауады. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен алтын үшін басты үміткерлердің қатарында. Дегенмен Олимпиада Ресейдің Сочи қаласында өтіп жатқанын естен шығармаймыз. Мұзайдын маңындағы жанкүйерлер Евгений Плющенко үшін қол шапалақтарын аямайды. Әлемнің үздігі Патрик Чанның да алтынға бар таласы. Қазақ топырағында туған қарапайым кәріс баласы үшін жанымызды шүберекке түйіп біз тілектеспіз. Тек қана төрешілер әділдікке қиянат жасамаса екен... Айтулы бәсекені «Хабар» арнасы 21:00-де тікелей эфирде таратады.