Шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы, әлем кубогі кезеңдерінің жүлдегері Абзал Әжіғалиев жаттығу барысында тобығын шығарып алды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков мәлімдеді.

«Жаттығу кезінде Абзал абайсызда тобығын ауыртап алды. Толық қалпына келіп үлгермейтін болғасын, ақпан айында Германияда өтетін әлем кубогі кезеңінен сырт қалуға мәжбүр. Оны дереу Ресейдегі травматология институтына көрсеттік. Білікті дәрігерлер айтарлықтай қауіп көріп тұрған жоқ. Бірақ төрт апта бойы балдақпен жүреді. 26 қаңтар күні Абзалды Астанаға қайтарамыз. Ал қалған команда мүшелері Дрездендегі әлем кубогі кезеңіне аттанбақпыз», - дейді бас бапкер.

Шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасы бұл күндері Ресейде бірлескен оқу-жаттығу жиындарын жүргізуде. Спортшылардың алдындағы ірі жарыс – 1-3 ақпан күндері Германияның Дрезден қаласында өтетін әлем кубогінің төртінші кезеңі.

Еске сала кетейік, әлем кубогі кезеңі осыған дейін Калгари, Солт-лейк-Сити және Алматыда өтті. Шешуші соңғы кезең Италияның Турин қаласында, 8-10 ақпан күндері ұйымдастырылады.