Карате ресми түрде Олимпиадаға бағдарламасына енген соң, спорттың бұл түріне деген қызығушылық одан әрі арта түсті. Бүгінде каратеден әлем чемпионаты мен рейтингілік турнирлер аса тартысты өтуде.

Одан бөлек, жарысқа қатысушы спортшылар саны да күрт көбейген. Каратеден Олимпиада жолдамасы мен медаліне Қазақстан құрамасы да үмітті.

Ұлттық құрама мүшесі әрі 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Дидар Әмірәлі Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, Олимпиада қарсаңындағы басты жоспарларымен бөлісті.

* Каратенің Олимпиада бағдарламасына енгені мен үшін үлкен қуаныш болды. Біріншіден, бұған дейінгі ең үлкен дода – әлем чемпионаты ғана еді. Енді әрбір спортшы қатысуды армандайтын Олимпиада ойындарына бару мүмкіндігі туып тұр. Екіншіден, мен сынға түсетін 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесі ойын бағдарламасына енген. Бұл да менің қуанышымды еселей түседі. Ендігі мақсат – Токио қарсаңында жақсы өнер көрсетіп, жолдама жеңіп алу, - дейді Дидар.

Дидар Әмірәлінің ең үлкен жетістігі – Азия ойындарының күміс жүлдесі. Спортшы жүлделер санын көбейтіп, ел жанкүйерлерін қуантқысы келетінін жасырмады.

- Бұл күндері каратеден Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Алматы облысындағы оқу-жаттығу жиынындамын. 25 қаңтар күні жылдың алғашқы рейтингілік турнирі - Париждегі премьер-лига кезеңі басталады. Олимпиадаға ұпай жинауды одан әрі жалғастырамыз. Әзірге, мен рейтингте 15-ші орындамын. Рейтинг бойынша, алғашқы төрт орындағы спортшылар Олимпиадаға тікелей жолдама алады. Сондай-ақ, құрлықтық турнирлер мен келесі жылдың сәуірінде өтетін әлемдік сында Олимпиада қатысушылары іріктеледі, - дейді жас спортшы.

Дидардың айтуынша, әлемдік каратешілер арасында қазақстандық спортшылардың беделі жоғары.

- Ірі жарыстарда спортшылардың бізден сескенетінін байқаймыз. Ешкім бізді қалпақпен ұрып аламыз деп шықпайды. Өйткені, Қазақстан спортшыларының айтарлықтай жетістігі мен жеңісті дәстүрі қалыптасып келеді. Мәселен, 60 келідегі Дархан Асаділовті өзіме үлгі тұтамын. Өте тәжірибелі, әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында жүлде салған спортшы. Ал әлемдік аренада әзірбайжандық Рафаель Агаевтан үйренерім көп. Бойы аласа болса да, қолмен әдісті жақсы істейді. Лақтыру әдістері де тамаша, - дейді ол.

Дидар Әмірәлі сынға түсетін 67 келі салмақта Франция, Бразилия, Иран және Жапония спортшылары қарымды.

- Үлкен спорттағы қарсыластарым әлсіз емес. Көпшілігінің тәжірибесі басым. Біздің спортта жылдамдық пен ептілікке көп көңіл бөлінеді. Өз басым жылдамдығым жаман емес деп ойлаймын. Негізінен, аяқпен әдіс жасағанды ұнатамын. Енді өзім үлгі тұтатын Рафаель Агаев секілді лақтыру әдістерін сәтті орындасам деген ойым бар. Олимпиадаға дейін шыңдалуға тырысамын, - деп сөзін қорытындылады Дидар.