Елге футболымен танылған Ақтөбеде енді хоккей спортын дамыту жоспарланып отыр. Былтыр өңірде үлкен мұз айдыны салынып, жаңа хоккей командасы құрылған болатын, деп жазады Prosports.kz.

Бұл команда әзірше тек жастар арасындағы чемпионатта ғана бақ сынайды. Команданың мақсаты – чемпионатта топ жару ғана емес, Ақтөбе халқы арасында хоккей спортына да сұранысты арттыру.

Словакиялық бапкер Юлиус Пензес жаттықтыратын ұжым осы маусымда ел біріншілігінде 18 ойынға қатысып, бәрінде де жеңіске жетті. «Ақтөбе» хоккейшілері өздері үшін алғашқы маусымды жеңіспен аяқтауды көздеп отыр.

Ақтөбе облысы спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтың айтуынша, жастар командасына көп қаражат кетпейді. Бірақ ол клубтың нақты бюджеті қандай екенін айтудан бас тартты.

«Хоккейшілеріміздің ең көп деген жалақысы – 200 мың теңге. Әрине, бәрі олардың шеберлік деңгейіне байланысты. Олардың көбі Қазақстанның түрлі хоккей мектептерінен келген спортшылар екенін білесіздер, хоккейшілер үшін барлық жағдай жасалған. Қайда тұрамын, қайда тамақ жеймін деп уайымдамайды. Күнделікті ақшалары беріліп тұрады. Сондай-ақ, аз ғана сыйақылары бар. Бұл жігіттердің басты мақсаты – ойын тәжірибесін жинап, ерлер командаларына ауысу», - дейді Махамбетов.

Өңірдің спорт басшылығы осы жастар командасын құру арқылы қаланың хоккейге деген көзқарасын білуді жоспарлап отыр. Егер тұрғындар арасында сұраныс болса, алдағы уақытта Ақтөбеде ересектер арасында ойнайтын хоккей клубы ашылмақ.

Фото: В. Зобенко