Шымкенттің «Ордабасы» ФК Туркияда екінші оқу жаттығу жиынындағы үшінші жолдастық матчын Венгрияның «Уйпешт» командасымен өткізді.

Венгрия чемпионатында 2- орында келе жатқан «Уйпешт» командасы бірінші айналымнан кейін аз ғана үзіліс алған. Аса тартысты өткен кездесуде бірінші болып венгриялық футболшылар есеп ашты. Ойынның 43-ші минутында шабуылшы Фехер «Ордабасы» командасының қорғаушыларынан айласын асырып, Валерий Фомичев қорғаған қақпа торын тулатты. Осылайша ойынның бірінші кезеңі 0:1 есебімен «Уйпеш» командасының пайдасына шешілді.

Екінші таймды ширақ бастаған Виктор Пасулько шәкірттері қарсыластар қақпасына ұдайы шабуылдаумен болды. Алайда ойынның 55-ші минутында «Уйпешт» командасының жартылай қорғаушысы Лазер шамаман 30 метрдей жерден теуіп қақпа бағанасынан гол салып, есепті 0:2-ге жеткізді. 

Ендігі сәтте қорғаныс арқылы шабуылға көшкен ордабасылықтар жылдамдықты арттырып,қарсыластар қақпасын көздеумен болды. Қарбалас сәттердің бірінде Артем Касьянов Дауренбек Тәжімбетовке тамаша пас шыгарды. Сытылып шыққан Дәуренбекті венгриялық қорғаушылар айып алаңында ережеге сай емес әрекетпен өрескел тоқтатты. Осы жерден 11-метрлік айып добы белгіленіп, команда капитаны Қайрат Әшірбеков мүлт кетпеді. Есеп 1-2. Есепті теңестіру үшін бүкіл команда болып алға ұмтылған ордабасылықтарды қорғаушылар шалып құлатумен болды. Осындай бір сәтте Қайрат Әшірбековке қарсы тағы да өрескіл ойнаған «Уйпешт» командасының қақпасына екінші рет 11-метрлік айып добы белгіленді. Осы жерде команда капитаны екінші рет тамаша гол салуға мүмкіндік алды.Осылайша жерлестеріміз асқан қиын матчты тең есеппен аяқтады.

Жолдастық кездесу.

«Ордабасы» (Шымкент) - «Уйпешт» (Будапешт, Венгрия)- 2:2.