Boxingscene.com сайты 2018 жылды қорытындылай отырып, қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновтың (5-0, 3 КО) кәсіпқой бокстағы қадамын сәтті бастағанын атап көрсетті. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Редакция 2018 жылдың үздік проспектісі ретінде 20 жастағы америкалық боксшы, жеңіл салмақта өнер көрсететін Девин Хэйниді (20-0, 13 КО) атап көрсетті. Ал Елеусінов осы тізімде екінші орынды иеленді.

«2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 28 сәуір күні дебютін тойлап, биыл кәсіпқой бокстағы қызметін зор екпінмен бастады. Бесінші кездесуінде мықты солақай боксшы Елеусінов никарагуалық Маркос Мохиканы нокаутқа жіберді», - деп жазады Boxingscene.com.

Еске сала кетейік, боксшы кәсіпқой бокстағы бес жеңісінің үшеуін нокаутпен аяқтады.