2018 жылғы 21 желтоқсанда сағат 19:00-де Almaty Arena көпфункционалды спорт кешенінде халықаралық «Titan FC» ұйымы және «Alem fighters» спорт клубының ұйымдастырумен аралас жекпе-жек (ММА) бойынша «Titan FC 51» Халықаралық турнирі өтеді.

UFC сапына кіруге жол ашатын бұл әлемдік додаға 15 мемлекеттен - Қазақстан, Бразилия, Қытай, АҚШ, Канада, т.б. елдердің мықты спортшылары күш сынасады. Турнир аясында 11 жекпе-жек өтеді және қазақстандық спортшылар атынан ММА-дан екі дүркін әлем чемпиондары Бейбіт Назаров және Қазыбек Әшімов сынға түседі.

Осы спорттық жарысқа орай, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында 19 желтоқсанда сағат 16:00-де жекпе-жек алдындағы ашық жаттығу жұмыстары және 20 желтоқсанда сағат 11:00-де салмақ өлшеу рәсімі мен баспасөз мәслихаты өтеді. Тіркелген БАҚ өкілдеріне арналған бейдждер баспасөз мәслихатында беріледі.

Баспасөз конференциясын ұйымдастырушы ережесіз жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы, «Alem fighters» кәсіпқой спорт клубының жетекшісі Ардақ Назаров. Бұл шараға «Titan FC» тұжырымының президенті Лекс Макмахон, әлем чемпиондары Бейбіт Назаров және Қазыбек Әшімов, ММА-дан үш дүркін әлем чемпионы, бразилиялық Гезиас Кавальканте қатысады. Сонымен қатар, жарыс қонағы ретінде АҚШ-тан UFC чемпиондары Стефан Стрюве, Камару Усман және Гилберт Бернс келеді.

Файткард құрамына екі титулды жекпе-жек кірді. Жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуді (57 келі) колумбиялық Хуан Пуэрта (15-6) мен қазақстандық спортшы Қазыбек Әшімов (13-3) сарапқа салса, бұл кештің басты жекпе-жегінде Бейбіт Назаров (14-3) пен Мартин Браун (12-5) кездеседі. Олар жеңіл салмақта (70,3 кг) уақытша чемпиондық белбеуіне таласады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы шара аясында спорт жетістіктеріне арналған «Спорт әлемі» атты кітап көрмесін және «Ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесін» ұйымдастырады.

19 желтоқсан 16:00 - Ашық жаттығу

20 желтоқсан 11:00 - Салмақ өлшеу рәсімі мен баспасөз мәслихаты

Өтетін орны: Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Абай даңғылы 14.