Бүгін Шығыс Қазақстан облысының Таскескен ауылында жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен Х дәстүрлі турнир басталды.

2003-2006 жылғы жеткіншектер арасындағы ашық республикалық турнир жыл сайын өтеді. Атақты жаттықтырушы, даңқты Дәулет Тұрлыхановтың әкесі, еркін күрестен Орта Азия чемпионы Болат Тұрлыханұлының құрметіне арналған додаға еліміздің әр аймағынан он беске жуық команда келіп жетті. Атап айтқанда Атырау, Маңғыстау, Алматы облыстарынан, Алматы қаласы мен ШҚО командалары бас қосып отыр.

- Бұл жарыстың мақсаты - жерлесіміз Болат ағамызды еске алу, құрмет көрсету. Болат Тұрлыханұлының республикамызға, оның ішінде Шығыс Қазақстан өңірі мен Таскескен ауылына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ турнирде жастардың, соның ішінде ауыл балаларының мүмкіндігін көруді де мақсат тұтамыз, салауатты өмір салтын насихаттау, ауыл халқына мереке сыйлауды да ұмытпаймыз, - дейді жарыс ұйымдастырушысы Қанат Сүлейменов.

Турнирдің ашылу салтанатынан кейін Болат Тұрлыхановқа, сондай-ақ, ұстаздың шәкірттері, бақилыққа аттанған ауыл азаматтары КСРО спорт шебері Есен Еңсебаев, Қален Искаков, Серікболат Балғабаевтарға арналып ас беріледі.