Астанада Қазақстан ҰОК Бас Ассамблеясының отырысы өтті. Дәстүрлі жиында ұйымның 26 жылдық тарихындағы жаңашылдыққа толы жылды қорытындыланды.

Басқосуға ҚР ҰОК Атқарушы комитетінің барлық мүшелері мен ұлттық спорттық федерациялардың басшыларын, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.

Биыл ұлттық құрама командаларды жабдықтау және дайындық барысын басқару үдерісі мемлекеттік сектордан спорттық федерациялар менеджменті мен Қазақстан Олимпиадалық комитетіне өтті. Бұл оқу-жаттығу жиындарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, толық және сапалы жаттығу өткізуге, сонымен қатар, олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды қаржыландыру мәселесін шешіп, бапкерлер қауымы мен федерациялардың белсенділігін арттыруға үлкен мүмкіндік берді. Федерациялардағы білікті мамандардың әлеуетін арттырып, олардың сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Спорт түрлерін саралауға, қаржыны үлестіруде жүйелілік пен ашықтыққа баса назар аударылып, қазақстандық атлеттерге сатып алынатын тауарлар мен қызмет түрлерінің жоғары сапасына көңіл бөлінді. ҰОК ішкі ұйымдастыру құрылымы толығымен жетілдірілді.

«Ұлттық Олимпиадалық комитет пен спорттық федерациялар үшін 2018 жыл теңдессіз жыл саналады. Біз ұлттық құрама командалардың дайындығын ұйымдастыруды өз мойнымызға алып қана қоймай, бірлескен жұмысымыздың 11 айдағы жемісін көріп жатырмыз. Біздің бұл тәжірибемізге өзге елдердегі олимпиадалық комитеттердің қызығушылық танытуы үлкен көрсеткіш. Ең бастысы – бұл өзгерістерді федерациялар мен бапкерлер кеңесі және спортшылардың өздері байқап отыр», - деп атап өтті Қазақстан ҰОК бас хатшысы Данияр Абулгазин.

Қазақстан Олимпиадалық комитетінің «жаңашыл» маусымы

2018 жыл кешенді ірі спорттық жарыстардың көптігімен есте қалады. Қазақстан құрамасы Пхенчхандағы XXIII қысқы Олимпиада ойындарына, Джакарта мен Палембангтағы XVIII жазғы Азия ойындарына және Буэнос-Айрестегі III жазғы Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысты. Бұдан бөлек, біздің атлеттер 421 халықаралық спорттық турнирде бақ сынады, оның ішінде, шетелдік спорттық базаларда өткізілген 341 оқу-жаттығу жиыны бар. Айта кетерлігі, ұлттық құрама командаларға бөлінетін қаржы көлемінің ұлғаюына байланысты оқу-жаттығу жиындарының саны 34 пайызға артты.

Қазақстан аумағында өткізілетін жаттығу жиындарының сапасын арттыруға мүмкіндік беретін бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. ҰОК спортшылардың жаттығуына қолайлы, қажетті материалдық-техникалық құрылғылармен жабдықталған спорттық базалар тізімін құрды.

Сондай-ақ, Олимпиадалық комитеттің бастамасымен олимпиадалық спорт түрлеріндегі ұлттық құрама командалар кешенді-ғылыми топ мамандарымен жабдықталды. Бұл идеяны ҚР мәдениет және спорт министрлігі де қолдаған болатын. Қазіргі таңда командалар қатарында 123 маман жұмыс істеуде. Олардың ішінде дәрігерлер, массажшылар, мануальды терапевтер, биохимиктер, психологтар, диетологтар мен механиктер бар. Спорттық медицина және антидопинг Департаменті қызметкерлердің жұмыс барысын үнемі саралап, мамандардың біліктілігін тоқтаусыз арттыруда.

Қазақстан ҰОК толығымен қолма- қол ақшасыз операцияға өтіп, тауар жеткізушілер мен қызмет түрлерін ұсынушыларға тікелей төлем жасай бастады. Бұл мұндай операциялардың ашықтығын көрсетеді. 33 ұлттық федерация күнделікті жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік алып, бүгінде арнайы кеңселермен, мамандармен жабдықталды. Мұндағы барлық шығынды Олимпиадалық комитет көтергенін айта кеткен жөн.

Биыл Қазақстан ҰОК өкілдері еліміздің барлық аймағы мен облыс орталықтарын, қаладан шалғай жатқан ауыл-аймақтарды аралап, өңірлердегі спорттың даму барысын сүзгіден өткізді.

Қазақстан ҰОК-нің әлемдік аренада нығаюы

Олимпиадалық комитет ішкі процестерді реттеуден бөлек, халықаралық спорттық федерациялармен әріптестікті де белсенді түрде жалғастыруда. Жақында Токиода (Жапония) өткен Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығының (ҰОКҚ) Бас Ассамблеясында Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаев ҰОКҚ атқарушы комитетінің мүшесі болып сайланды. Атқарушы комитет құрамына олимпиадалық қозғалыс қатарындағы 24 маңызды спорттық функционерлер таңдалды. Олардың кандидатурасын құрлықтық қауымдастықтар ұсынып, ҰОКҚ-ның барлық мүшесі, яғни, 206 ҰОК дауыс берген болатын. Бұдан бөлек, Қазақстан Олимпиадалық комитетінің басшысы ХОК-тің қоғаммен байланыс және Спорт арқылы әлеуметтік даму жөніндегі Комиссия мүшесі, ҰОКҚ халықаралық қатынастар жөніндегі комиссия мүшесі және Азия Олимпиада Кеңесінің вице-президенті саналады.

Қазақстан ҰОК бас хатшысы Данияр Абулгазин ҰОКҚ қаржы және аудит жөніндегі Комиссияның, ал ҰОК вице-президенті Андрей Крюков ҰОКҚ медициналық Комиссияның мүшесі екенін де атап өтуге болады.

Биыл Қазақстан ҰОК халықаралық аренадағы өз мәртебесін нығайтып қана қоймай, халықаралық олимпиадалық қозғалыстың белсенді мүшесі атанды.

Токио-2020 қарсаңында спортшыларды қолдау

Халықаралық Олимпиада комитетінің «Олимпиадалық ынтымақтастық» бағдарламасы аясында отандық спортты дамыту үшін тегін халықаралық қаржыландыру көздері қарастырылуда. Аталған қаржы бапкерлер мен төрешілерге техникалық семинарлар өткізу, үздік спортшылар мен бапкерлерге шәкіртақы тағайындау және оқу-жаттығу жиындарын өткізу мақсаттарына жұмсалады. Айта кетелік, Қазақстан ҰОК және ұлттық федерациялар «Олимпиадалық ынтымақтастық» аясындағы 18 бағдарламаның 16-на қатысты. Халықаралық Олимпиада комитетінің қызметкерлері ұлттық федерацияларға бағыт беріп, халықаралық бағдарламаларға қатысуға көмектеседі. Бір жыл ішінде 27 спорттық федерация аталған бағдарламалардың белсенді қатысушысы атанды.

Биылдан бастап келешегінен үміт күттіретін 24 спортшы Токио-2020 олимпиадалық шәкіртақысын алуда. Бұдан бөлек, командалық спорт түрлерін қолдау мақсатында, ХОК Қазақстан ҰОК ұсынған су добынан ерлер командасы мен регбиден қыздар командасының өтінімін мақұлдады. Әрбір команда 50 000 АҚШ доллары көлемінде грантқа ие болып, сапалы түрде жаттығу өткізуге мүмкіндік алады.

Бағдарламаларға қатысты барлық ақпарат Қазақстан ҰОК сайтында жарияланған.

Токиоға апарар жол...

Биылғы маусым Қазақстан командаларының бірігуіне жол ашты. Жыл басынан бері ҰОК-тің барлық ақпараттық саясаты Қазақстан командасы - «teamKZ» маңайына топтастырылды. Ең басты идеологиялық құрылым - барлық спорт түрлерін бір команда қатарына біріктіріп, спортшылар мен жанкүйерлердің бір ту астына бірігуіне жағдай жасау еді. Аталған кампания 2020 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық қарсаңында жалғасын табады.

Қараша айында Қазақстан ҰОК спорт Дирекциясы жазғы олимпиадалық спорт түрлеріндегі бас бапкерлердің есебін тыңдады. Бұл спортшыларды дайындау жоспарын бекіту үшін аса қажет қадам. Келесі жылы ұлттық құрама командалар әлем кубогінің 71, Гран-при додасының 46 кезеңінде бақ сынап, олимпиадаға жолдама алу үшін рейтингілік ұпайлар жинайды; 15 Азия аймақтық іріктеу турнирі мен 28 әлем чемпионаты 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама таратады.

Қазақстан ҰОК жазғы Олимпиада ойындарына дайындық кезеңінде қысқы спорт түрлерін қаржыландыруды қысқарту туралы тәжірибеден бас тартады. 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасына қатысатын команда құрамын жасақтауға алдағы жылы қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен өтетін 15 әлем чемпионаты септігін тигізбек.

Сонымен қатар, Т. Құлыбаевтың бастамасымен 2019 жылдың қаңтарынан бастап олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама команда бас бапкерлерінің жалақысы өседі. 2019 жылдан бастап төрешілерге ерекше назар аударылып, олардың біліктілігін арттыруға және қызметін бағалауға мүмкіндік жасалады.

Бас Ассамблеяда сөз алған Қазақстан ҰОК бас хатшысы Данияр Абулгазин қажеттіліктің жоғары болуына байланысты Алматыда заманауи спорттық медицина және оңалту Орталығының ашылатынын мәлімдеді. Ашылуы келесі жылға жоспарланған бұл орталық төрт бағыт бойынша жұмыс істейді: медицина, спортшылардың ең жоғарғы мүмкіндігін тестілеу, рекреация (тез қалыпқа келу) және оңалту. Аталған жоба спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясымен бірлесіп, АІВА бокс академиясының базасында жүзеге асады.

Қазақстан Олимпиадалық комитетінің басшылары атап өткендей, «ҚР ҰОК жұмысының нәтижесі – ұлттық олимпиадалық қозғалысты дамытудағы жаңа кезеңнің бастамасы».

Бас Ассамблеяның отырысына дейін Қазақстан ҰОК Атқару комитетінің отырысы өтті. Жиында енгізілген жаңа лауазым бойынша, Данияр Әбілғазин Қазақстан Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың ұсынысымен жалпы мәселелер жөніндегі вице-президент болып тағайындалды. Атқару комитетінің мүшесі Сәкен Мұсайбеков Бас хатшы болып сайланды.