Қазақстан теннис Федерациясының вице-президенті Диас Досқараев биылғы маусымды қорытындылады. Olympic.kz сайтына сұхбат берген ол біраз жұмыстың атқарылғанын айтып, Федерация құраманы жасартуға көңіл бөлгенін жеткізді.

Бұқаралық сипатты арттыруды көздеген бірінші кезең артта қалды. Ендігі мақсат – сапаны көтеру.

- Биылғы маусым айтарлықтай жаман өткен жоқ. Жастар командасы жақсы көтеріджі. Қазір алдымызда команданы жасарту мақсаты тұр. Сол себепті, жастардың өсе бастағаны үшін қуанышты жайт. Отызға жақындаған көптеген теннисшілерімізді ардагер деп айтуға болады. Біздің ойымызша, буын ауысу кезеңі алдағы екі-үш жылда өтуі керек. Биылдан бастап Евсеев, Бублик, Попколарды ірі жарыстарға апара бастадық. Жасөспірімдер арасындағы Ташболатов да қатарда.

Жұптасып сынға түсетіндерге қолдауымыз артты. 2018 жылғы Азия ойындарында біздің спортшылар жұптық сында жақсы нәтиже көрсетті. Екі қола және бір күміс. Мұндай жетістіктердің жастарға рух берері сөзсіз.

Дэвис кубогінде тағы да ширек финалға жеттік. Хорваттармен жақсы ойын өткізгенімізге жанкүйер куә. Хорватияның финалға дейін сүрінбегенін білесіздер. Әлемдік рейтингте қыздарымыз алғашқы жүздікте жүр. Олар – Зарина Дияс пен Юлия Путинцева. Зарина жарақатына байданысты бұл маусымда көп ойнаған жоқ.

Бүгінде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға ерекше көңіл бөлудеміз. Жастар өсіп келеді. Әлем чемпионаттарына жолдама алып, құрлықтық сайыстарда жүлде алуда. Мұның бәрі Қазақстанда жақсы теннисшілер өсіп келе жатқанын көрсетсе керек. Біз бұл үшін қолдан келгенін аяп қалмаймыз. Бапкерлерді оқытып, біліктілігін арттыра бастадық. Өйткені, тенниске қызығушылар қатары артқан сайын, мықты мамандардың ауадай қажеттігі байқалады.

Бұдан бөлек, 2020 жылғы Олимпиада ойындарына лицензия алу мақсаты тұр. Біз Лондондағы секілді, жолдамалар санын мейілінше көбейтуді мақсат еттік. Барлығы рейтингке байланысты.

Биыл біздің теннисшіміз жасөспірімдер Олимпиадасына қатысқанын білесіздер. Өкінішке қарай, алғашқы кездесуде-ақ басты фавориттің қолына түсіп қалды...

Достанбек Ташболатовқа жеребе қиын түсті. Алғашқы кездесуде жасөспірімдер арасындағы әлемнің бірінші ракеткасымен жолықты. Дегенмен, ол соңына дейін күресті. Бұл Достанбек үшін үлкен тәжірибе болғаны сөзсіз. Ол біздің өз түлегіміз. Болашағынан үлкен үміт күтеміз, - дейді Диас Досқараев.