Тәжірибелі Марат Хайруллин «Атырау» командасының қатарында шешуші тұлға болып қала бермек. Қазіргі таңда ол команданың көшбасшысы әрі капитаны ретінде ойынды әрқашан қолға алуға дайын. Сонымен қатар, ол кубок ойындарының шебері. Өйткені, ол төртінші рет финалға шығып отыр.

- Марат, қазіргі және өткен маусымдағы «Атырау» командасын салыстыра аласыз ба?

- Биылғы және былтырғы команданы салыстыратын болсақ, түбегейлі өзгеріс болған жоқ. Өткен маусымдағы құраманың негізі ойыншылары сақталды. Сол себепті команданың ішкі көңіл-күйі жақсы. Жылдан жылға қарым-қатынас нығая түседі. Нәтижеге келетін болсақ, ойын жоспарында аздаған мәселе бар.

- Биыл «Қайрат» командасымен үш рет кездестіңіздер. Алматылық ұжымның әлсіз және мығым тұстарын айта аласыз ба?

- «Қайрат» әрқашан допты толықтай бақылауда ұстағанды жақсы көреді. Сонымен қатар, жылдам әрі техникалық футбол ойнайды. Осы ойын философиясын алып жүретін бірқатар футболшысы бар. Кез келген команданың осал тұсы бар екені анық. «Қайрат» та солардың қатарында. Биылғы маусымдағы қарсыластың ең әлсіз жері – қорғаныс.

- «Қайрат» шешуші ойында тек қазақстандық ойыншыларды алаңға шығаруды жоспарлап отыр. Бұл сіздерге көмек бола ма?

- Егер финалда Исаэль, Эсеола және Аршавин ойнамаса, онда бізге жеңілдеу болар еді. Алайда, уақытынан бұрын қуанудың қажеті жоқ. Өйткені, бұл – финал. Екі команданың мүмкіндігі – 50/50.

- Өткен маусымдағы финалдың тарихы қайталанбас үшін қандай қателіктерден арылу қажет?

- Өткен жылы жеңіске жету мүмкіндігі болды. Сол мүмкіндік биыл да болады. Финалда аутсайдер мен фаворит жоқ. Жолы болған команда жүлдені иеленеді. Қорғаныста жинақы ойын көрсетіп, гол соғу үшін кез келген мүмкіндікті іздейміз.