«QazSport» телеарнасының тілшісі, белгілі спорт комментаторы Руслан Бақытжан клубтың баспасөз қызметіне сұхбат беріп, алдағы «Астана» және «Динамо» (Киев) арасындағы ойын туралы өз пікірімен бөлісті.

- Руслан, Сіз «Динамо» мен «Астана» арасындағы алғашқы ойынды Киевтен тамашаладыңыз. Осы кездесу қандай әсер қалдырды?

- Ия, расымен топтық кезеңдегі «Астананың» алғашқы кездесуін «Олимпийский» стадионынан тамашаладық. Көптеген футбол сарапшылары аталмыш кездесуде «Динамо» (Киев) жеңіске жетеді деген болжам білдірген болатын. Алайда қонақтар өз мүмкіндіктерін мүлт жібермей, соңғы минуттарда таразы басын теңестіріп кетті. Қазақстанның бес дүркін чемпионы сырт алаңда өте сауатты ойын өрнегін көрсетті. Менің ойымша кездесу тағы 5-6 минутқа созылғанда тіпті жеңіске жетуге болар еді. Жалпы алғашқы ойыннан керемет әсер алдым.

- Астанада өтетін ойыннан қандай нәтиже күтесіз? Киевтік команданы «Астана Аренада» қандай нәтиже қанағаттандырады?

- Украиналық командаға қазақ жерінде тең есептің өзі жақсы нәтиже болмақ. Себебі, Александр Хацкевичтің шәкірттері Астанадан бір ұпаймен қайтса, соңғы 6-турда өз алаңында "Яблонецті" былай да былай ұтатыны айдан анық. Ал отандық командамызға Шығыс Еуропаның мықты ұжымдарының бірі "Динамо" (Киевті) ұту керек. Жеңіске жеткен жағдайда қатарынан екінші жыл Еуропа Лигасының 1/16 финалына тікелей жолдама алады. Немесе кездесу тең есеппен аяқталып жатса, онда Чехияда "Яблонец" пен "Ренн" ойынының тең түсуін тілеу керек. Себебі соңғы турда француздар Астанада кеткен есені қайтаруы ғажап емес. Ішкі чемпионат қараша айының басында аяқталып қойғандықтан, "Динамо" (Киев) және "Ренн" кездесулеріне біздің жігіттеріміздің қандай формамен шығатынын айту қиын. Бұл мәселені жақсы білетін Григорий Бабаян команданы жақсы дайындайды деп сенеміз.

- «Астана» клубы осы жылы алғаш рет УЕФА рейтингінде ТОП-50 команданың қатарына кіріп отыр. Елорда командасы осы нәтижеге қаншалықты лайық? Әлде бұл кездейсоқтық па?

- «Астана» клубының Еуропаның ең үздік 50 командасының ішіне кіруі кездейсоқтық деп айтуға келмейді. Бұл барша елордалық клубта жұмыс істейтін ұжымның қажырлы еңбегінің арқасы. Себебі нәтиженің барлығы тайға таңба басқандай көрініп тұр. Соңғы 5 жылда Қазақстан Премьер-Лигасында чемпион атанды. Қатарынан төрт маусым бойы Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының топтық кезеңінде доп теуіп келеді. Өткен жылы команда Еуропа Лигасының 1/16 финалына шыққан. Биыл да сол көрсеткішті қайталауға жақын тұр. Осыдан кейін ТОП-50 қатарына кездейсоқ кірді деп айта алмайсың. Жыл басында Станимир Стоилов ұлттық құрамаға кеткен соң Григорий Бабаян тізгінді мықтап ұстап, қатал тәртіптің арқасында елордалық ұжымды жетістікке жетелеуде. Ұзағынан болсын деп тілейміз!