Ұшақта жыныстық қатынасқа түсуге әрекет жасады деп айыпталған қазақстандық таеквондошы Азамат Теңізбаев елге оралып, оқиғаның мән-жайы туралы журналистерге айтып берді.

Астанада өткен баспасөз жиынына ҚР WTF таеквондо федерациясының президенті Вячеслав Ким,Азамат Теңізбаев пен оның анасы Жазира Тілешова қатысты.

«Бәріңізге рахмет! Қолдау көрсеткендерге алғысымды айтамын. Мен үшін ең бастысы – Олимпиада. Оқиға былай болды. Мексикадағы турнирде мен ең соңғы болып сайысқа түстім. Қатты шаршағандықтан 11 сағаттық ұзақ жолда қалғып кетіппін. Ұйықтап жатқанда басым қасымдағы қыздың иығына сүйкенген екен. Шу көтерілген соң стюардесса келіп, орнымды ауыстыруымды өтінді. Оқиға сонымен бітті», – дейді Азамат Теңізбаев.

Вячеслав Кимнің айтуынша, оқиға бұдан әрі былай өрбіген. Ұшақ бордының қызметкерлері аталған жағдай туралы Лондондағыларға хабарлайды. Жыныстық қатынасқа түсуден «дәм ететіндерге» қатал қарайтын Британия полициясы бұны бей-жай қалдырмаған. Ұшақ әуежайға қона сала Азаматты өздерімен бірге әкетеді. Ұлттық құраманың бапкерлері мен басқа таеквондошыларда виза болмағандықтан, Теңізбаевпен бірге қала алмайды. Олар елге оралып, оқиға туралы сыртқы істер министрлігіне хабарлағанша Лондон полициясы Азамат Теңізбаевтың жасамаған әрекетін мойындатып үлгереді.

 

«Полиция жалдаған авдокат Теңізбаевқа мойнына алса кінәсі жеңілдейтінін айтып түсіндіреді. Азамат ағылшын тілін білмейді. Ал аудармашы болған қырғызстандық азаматша орысша ғана біледі екен. Теңізбаев орыс тіліндегі құқықтық мәлімдемелерді дұрыс түсінбеген. Оған «I am guilty» (Мен кінәлімін – ред.) деп айтсаң бір айдан кейін еліңе қайтарады деп айтқан», – дейді таеквондо федерациясының президенті Вячеслав Ким.

Кінәні Азамат Теңізбаевтың мойнына артқан соң адвокат қаламақысын алып кетіп қалған. Қайтадан қорғаушы жалдау үшін Азаматтың ата-анасы пәтерін сатады. 6 қаңтар күні соңғы сот отырысында Теңізбаев толықтай ақталып шықты. Істің анық-қанығын зерттеген 12 алқа би бір ауыздан қазақстандық таеквондошының кінәсіз екеніне келіскен. Азаматты айыптаған 24 жастағы израильдік азаматша сот отырысына онлайн-трансляция арқылы қатысқан. Ал ұшақта әлгі қызбен бірге болған жігіті Азамат тарапынан ешқандай жыныстық қатынасқа түсуге талпыну болмағанын айтқан екен.

Оқиға аяқталғанға дейін бас-аяғы 60 мың доллар жұмсалыпты. Соның 10 мың доллары Азаматты шығарып алу үшін кепілге қойылған. Спортшыға кеткен барлық шығынды қайтаруды федерация тарапы өз мойнына алды. Алты ай Лондонда болған Теңізбаев ағылшын тілін үйрену мектебіне барыпты. Спорттық бабын жоғалтпас үшін жаттығу залына барып тұрған. Кепілмен босатқандықтан Азаматтың қолына арнайы білезік тағып беріпті. Сондықтан, спортшы кешкі 8-ден таңғы 9-ға дейін көшеге шықпаған. Білезік сот шешімі шыққаннан кейін бір-ақ шешкен.

17 жасында Қазақстан чемпионы атанған Азамат Теңізбаев жарты айлық демалыстан кейін жаттығуын жалғастырады. Таеквондо федерациясы басшысы Ким мырза Азаматтың болашағы зор екеніне сенетінін білдірді.

Теңізбаев тап болғандай оқиға енді қайталанбас үшін таеквондо федерациясы алдын алу шараларын жасауға кіріспек. Нұсқау дайын болған соң басқа федерациялармен де бөлісу қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Мексиканың Пуэбло қаласында өткен әлем чемпионатынан қайтып келе жатқанда Азамат Теңізбаевты израильдік азаматшамен жыныстық қатынасқа түсуге әрекет жасады деп айыптап, Лондон полициясы қамауға алған болатын.

Абай ОТАР

aynaline.kz