«Бавария» футбол клубының жартылай қорғаушысы Франк Рибери дортмундтық «Боруссиямен» болған соңғы турдағы кездесуден кейін жергілікті журналиспен кикілжіңге түсіп, оған қол жұмсаған.

Bild-тің хабарлауынша, ойын аяқталғаннан соң футболшы мен журналист команданың автобусы маңында жолыққан. Екеуі ерегесті бастап, артынша футболшы Патриком Гийюдің бетіне үш мәрте шапалақ жұмсаған. Содан кейін кеуде тұсынан соққы берген.

Басылымның жазуынша, Франк Рибери Гийю тарапынан болған сынға ашуланған. Журналист үш голдың екеуі Риберидің қателігінен қақпаға кірді деп француз футболшысын айыптаған. Қос азамат бұрыннан бір-бірін жақсы таныған екен.

«Баварияның» спорт директоры Хасан Салихамиджич, Рибери мен Гийю жағдайды ушықтырмай, алдағы уақытта өзара мәмілеге келеді деп сенеді.