Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан құрама командасы Щучинск қаласындағы оқу-жаттығу жиынын аяқтауға жақын. Команда мүшелері әлем кубогі кезеңіне дайындалуда, деп хабарлайды Olympic.kz.

Құрама сапында Сергей Ткаченко, Сабыржан Мүмінов, Ильшат Қадыров, Нұршат Тұрсынжанов, Иван Нехорошев, Никита Девятки және Даяна Пеха бар.

Бапкерлер мен спортшылардан бөлек, оқу-жаттығу жиынына психолог пен дәрігер де қатысуда. Жаттығу жоспарына арнайы құрылғылармен секіру, зілтемірмен жаттығу, ептілік пен үйлесімді арттыру енген. Сондай-ақ, «қанатты шаңғышылар» медициналық орталықта тексеруден өтті.

Оқу-жаттығу жиыны 10 қарашада аяқталады.

Тұғырдан секіруден Қазақстан құрама командасы 15 қараша күні Польшадағы әлем кубогі кезеңіне аттанады. Содан соң, команда мүшелері Финляндия, Ресей, Германия мен Швейцариядағы жарысқа қатысып, 17 желтоқсанда елге оралады.