Үлкен дулыға нұсқасындағы тартысқа толы Австралия Ашық чемпионатының үшінші жарыс күні де аяқталды. Әйелдер арасындағы жекелей сындағы соңғы екі теннисші қызымыз - Зарина Дияс пен Галина Воскобоевалар да кезекті матчтарын өткізді.

 Қазақ қызы сенімді ақтады. Ал Галя мүлт кетті. Дияс әлемдік рейтингте өзінен 100 саты жоғары жаңа зеландиялық Марина Эраковичтен 6:4, 6:0 есебімен айласын асырды. Ал Воскобоева испаниялық Карла Суарес-Наварроға тізе бүкті. Әлем жұрты көз тіккен біріншілік бүгін ауа-райының қолайсыздығына байланысты уақытша тоқтатылды. Бұл байрақты бәсекедегі Қазақстанның жалғыз өкілі-Зарина Дияс енді румындық Симона Халеппен ракетка айқастырады. Кездесу ертең өтеді. Заринаның жұмадағы бәсекелесі осал емес.Отандасымыздан үш жасқа үлкен Симона Халеп WTA нұсқасындағы 6 турнирдің (жекелей сын) бас жүлдесін қанжығасына байлаған. 2008-жылғы Roland Garros бәсекесінің жекелей сынында жасөсіпірімдер арасында үздік шыққан. Жасөспірімдер рейтингінде әлемнің 1-ракеткасы да атанған. Халептің мақтауға тұрарлық мансап жолындағы ең есте қалатын ойыны-Ресейдің үздік ракетка шеберлерінің бірі Анастасия Павлюченковаға қарсы өткен матчы. Ресейліктің жеңіліссіз 15 матчтық сериясын бұзған Симона Серена Уильямс,Саманта Стосур,Ли На,Флавия Пенетта сынды азулы теннисшілермен кездескен. Румындық қыздың 2013-жылғы көрсеткіштеріне көз жүгіртсек,ертеңгі матчтың Зарина үшін оңайға соқпайтынын аңғаруға болады. Былтыр Германия, Нидерланды, Венгрия, АҚШ,Ресей елдерінде өткен түрлі жарыстардың жеңімпазы атанған Симона биылғы маусымның шымылдығын Австралия Ашық чемпионатымен ашып отыр. Букмекерлік кеңселердегі көрсеткіштер Румыния өкілінің пайдасына шешіліп отыр. Алайда кеше де Эраковичтің жеңісіне сенетіндер басым болған еді. Алайда,Дияс өзінің мықты екенін дәлелді. Айта кету керек,қазақ қызы аталмыш турнирдің негізгі сеткасында алғаш рет өнер көрсетіп жатыр.Австралиядағы ауа-райының қолайсыздығы-теннисшілердің сәтті өнер көрсетуіне кедергі болып отыр.Жеңілістің ащы дәмін татқан отандасымыз Галина Воскобоеваның Eurosport телеарнасына берген сұхбаты да соған дәлел.Галяның сөзінше,корттағы жағдай тым нашар. Әлемге әйгілі ресейлік Мария Шарапова да үшінші айналымға қиындықпен өтті кеше. Оны ракетка шеберінің өзі де мойындап отыр. Ресей демекші, «Қазақстанға қоныс аударғаным қателік» болды деп,2013-жылдың соңында Отанына оралған Ксения Первак Австралия Ашық чемпионатына өз елінің атынан қатысып жатқан жоқ.

Асаубек ӘЙІМБЕТОВ