«Астана» футбол клубының Вконтакте желісіндегі ресми парақшасында жанкүйерлер елорда командасының қазан айындағы үздік ойыншысын дауыс беру анықтады.

Осы жылдың оныншы айында астаналықтар алты ойын өткізіп, екі ойында жеңіске жетіп, екі ойында тең түсіп және екі кездесуде жеңіліп қалды. Осы ойындарда елорда футболшылары 7 гол соқты.

Сауалнама қорытындысы бойынша жанкүйерлер тарапынан 47,42% дауыс жинаған Марин Томасов үздік атанды. Марин қазан айында франциялық «Ренн» мен «Ордабасы» қақпасына гол соқты. Және хорватиялық жартылай қорғаушының еншісінде екі нәтижелі пас бар.

Екінші орында Педро Энрике. Бразилиялық ойыншы «Яблонец» қақпасына гол соғып, Чехиядағы ойында астаналықтардың тең нәтижеге жетуіне көмектескен болатын.

Үздік үштікті Ненад Эрич қорытындылады. «Астана» капитаны өзіне тән үлгіде сенімді ойнап, «Ренн» командасына қарсы кездесуде қақпасын «құрғақ» сақтап қалған болатын.