«Астана» Премьер-Лиганың кейінге шегерілген 28-ші туры аясындағы сырт алаңдағы «Шахтерға» қарсы кездесуде қосалқы құраммен ойнайды. Мұндай шешімді команданың бапкерлер құрамы қабылдады.

«Қарағандыдағы «Шахтерға» қарсы ойынға қосалқы құрамның ойыншылары мен бапкерлер құрамын жіберу туралы шешімді, бірнеше себептерге байланысты қабылдадық. Біріншіден, біздің маусымның соңында еуропалық жарыстарда және ұлттық командалардағы ойындарға байланысты ойын кестеміз өте тығыз, себебі, әр 2-3 күн сайын ойын өткіземіз. Екіншіден, біздің құрамның бірқатар ойыншылары жарақат алғандықтан, оларға қалыпқа келуге біршама уақыт қажет. Үшіншіден, алдағы Еуропа Лигасы аясындағы маңызды ойын алдында командаға артық салмақ артқымыз келмейді. Себебі, өздеріңіз білетіндей, клуб басшылығы бізге – Еуропа Лигасының 1/16 финалына жолдама алу деген міндет жүктеген болатын. Ал кімнің топтан шығатындығы өз алаңымызда өтетін чехиялық «Яблонец» пен киевтік «Динамоға» қарсы кездесулерде нақты белігілі болады. Төртіншіден, біз ел чемпионатында уақытынан бұрын чемпион атанып қойғандықтан, жас ойыншыларға мүмкіндік беруді жөн көріп отырмыз. Оған қоса, жас ойыншыларда УЕФА Жасөспірімдер Лигасы аясындағы «Динамо» Загребке қарсы маңызды ойын алдындағы таптырмас тәжірибе болары сөзсіз. Ал бесіншіден, «Шахтерға» қарсы ойын Қарағандыдағы сапасы өте төмен алаңда өтпек. Ол жерде ойыншылардың жарақат алу қаупі өте жоғары. Біз жалпы осындай алаңдарда ойынның өткізілуін құп көрмейміз. Және де қосалқы құрам ойыншыларының денсаулықтары үшін қатты алаңдаушылық танытатын боламыз» - дейді «Астана» футбол клубы бас бапкерінің уақытша міндетін атқарушы Григорий Бабаян.