«Астана» футбол клубының президенті Саян Хамитжанов 2018 жылғы ел чемпионатында мерзімінен бұрын чемпион атанғанына байланысты футболшыларды, бапкерлер құрамын, клуб әкімшілігін және жанкүйерлерді құттықтап, өз алғысын білдірді.

Құрметті достар!

2018 жылғы футболдан Қазақстан чемпионатының аяқталуына үш тур қалғанда «Астана» командасы турнирдің алтын медалін жеңіп, қатарынан бес рет ел чемпионы атанды. Қазақстан премьер-лигасы тарихында бұрын-соңды ешқандай клуб мұндай жетістікке жеткен жоқ.

«Астана» клубы басшылығы атынан баршаңызды құттықтай отырып, жеңісімізге себепкер жандардың бәріне алғысымызды айтамыз. Бәрінен бұрын, біздің футболшыларымыз бен бапкерлер құрамына алғысымыз шексіз. Бұл биікке олардың маңдай терінің арқасында қол жеткіздік. Олардың есімдері клуб тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Сонымен қатар, осындай айтулы жеңіске өз үлесін қосып жүрген клуб әкімшілігін де құттықтаймын.

Бізді бүкіл маусым бойы демеп, қаржылай қолдау білдірген бас серіктесіміз – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мен Астана қаласы әкімдігіне өз алғысымызды білдіреміз.

Біздің жанкүйерлер саны күн сайын артып, олар «Астана Арена» стадионында өтіп жатқан Еурокубог ойындарында керемет атмосфера сыйлап жатыр. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы кезінде сырт алаңда өткізетін ойындарда бізге қолдау білдіретін Еуропалық жанкүйерлерімізге де алғысымызды білдіреміз. Еуропалық ТОП-50 командалардың өзі сырт алаңда «Астана» секілді жанкүйерлер жинай алмайды.

Біз футболдан Қазақстан чемпионы атана отырып, маусым басында алдымызға қойған екі мақсаттың екеуін де орындадық. Біріншісі – Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу болатын. Оны ертерек орындап тастадық.

«Астананың» ел чемпионатындағы қазіргі жеңісі командаға жаңа серпін береді деп үміттенеміз. Сонымен қатар, Еуропа лигасының топтық кезеңінде алғашқы екі орынның бірін иеленіп, биыл да аталған турнирдің 1/16 кезеңіне шығуды көздейміз.

Сондықтан, біз үшін маусым әлі жалғасуда, босаңсуға уақыт жоқ. Алға қойған жоспарымызды соңына дейін жеткізуіміз керек. Біз Еурокубог ойынында Қазақстан намысын қорғап жатқанымызды түсінеміз және құрлықтық дәрежеде рейтингімізді жоғарылатуға бар күшімізді саламыз.