Астаналық «Барыс» хоккей клубының шабуылшысы Талғат Жайлауов ҚХЛ-2014 жұлдыздар матчына шақырту алғандығы және кезінде Ресейге не себепті кетпегендігі туралы, ҚХЛ-дың ресми сайтына берген сұхбатына айтып берді.

– Жұлдыздар матчынан бас тартқыңыз келіпті, рас па?

– Журналистер дұрыс түсінбеді. Меніңше, ҚХЛ-да Братиславада өтетін жұлдыздар матчына қатысатын менен де басқа мықты хоккейшілер болды. Басында неге мені таңдағаны түсініксіз еді. Себебі ойыным жүрмей тұрды. Шүкір, қазір жөнделдім. Дегенмен, Братиславада өтетін жұлдыздар матчына шақырту алғаныма қуаныштымын.

– Сізді қай ойынға шығарады?

– Сайыста орын табылады ма екен маған? «Шығыс» командасында шебер ойыншылар жеткілікті.

– Қателеспесек, сіз Қазақстан құрамасының жалауын көтерген болатынсыз...

– Бұл қысқы Азиада ойындары еді... Спорт министерлігі мені жалаугер етіп тағайындады. Иә, расымен мен үшін бұл ерекше сәт болды.

– Азия хоккейі туралы айтып берсеңіз. Қарсыластарды қандай есеппен жеңесіздер?

– Кезінде бір құраманың қақпасына 51 шайба соққанбыз. Кіммен ойнағанымыз есімде жоқ, ( Таиландпен – А.Т.). Қарсыластарды «қарсылас» деп атаудың өзі артық. Мұз айдынға жағажайдан келген секілді көрінді: қампиған қарындарымен баяу қимылдайды... Бірақ кейін ондай жағдайға кезікпедік. Өйткені Азия ойындарында екі топқа бөлінеміз, біз мықтылар қатарындамыз.

– Мықтылар қатарында Жапония, сосын?

– Солтүстік пен Оңтүстік Корея командалары мен Қытай құрамасы.– Азиялық команда ҚХЛ-да ойнаса, қандай нәтиже көрсетуші еді?

–  Легионерлерді шақырмай өздері ойнаса жоғары орыннан көріне алмайтын сияқты. Солтүстік Корея хоккейшілері тәртіпті. Бапкердің қойған нұсқауын бұлжытпай орындайтын ойыншылар. Дегенімен оларға шеберлік пен тәжірибе жетіспейді деп ойлаймын.

– «Ойын жүрмеді» дейсіз, бірақ, статистикаға сүйенсек көрсеткіштеріңіз жаман емес.

– Мәселе статистикада емес, хоккейде. Қиыншылықтар болды, оны жасыратын ештеңесі жоқ. Талай матчта мүмкіндіктерді жіберіп алып. Соған көңілім толмады. Дегенмен, кейін бәрі қалпына келе бастады. Ескі жылды екі жеңіспен қорытындыладық. Алдағы уақытта да жеңіске жетеміз деген ойдамын.

– Былтырғы маусымда сіз командадан кетеді деген әңгіме тарады. Не себепті «Барыста» қалдыңыз?

– Көп уақыт бойы жаңа келісімшартқа қол қоймай жүрдім. Клуб басшылығы ауысып жатты, сол себепті соңына дейін күттім. Өзім осында қалғым келді. Маған мұнда бәрі ұнайды, сол себепті Астанада қалдым.

– Туып өскен жеріңіз – Өскемен. Қазақстанның ең орысшаланған қаласы деген рас па?

– Рас. Қала өркендеп жатыр, экологиясы нашар болғанымен, Қазақстандағы өнеркәсіп орталығы деп саналады . Жолдары нашар. Дегенмен бұл менің үйім. Мен өз қаламды сүйемін. Сан бойынша орыс ұлты басым екені рас. Жасөспірімдер командасында ойнағанымда, екі-үш қазақ, қалғандары орыстар болатын.   – Қазақша білесіз бе?

– Білем, бірақ сөйлемеймін. Болашақтағы мақсатым - қазақ тілін оқып, жақсы меңгеріп алу. Елбасымыз айтқанындай, бірнеше жылдан кейін Қазақстан тұрғындарының 95 пайызы мемлекет тілінде сөйлесетін болады. Меніңше, бұл өте дұрыс. Әзірше, Астана мен Өскеменде орысша сөйлесемін.

– Өскемен - хоккейдің ордасы. Түлектеріңізді Ресейге жиы алып кетіп жатады. Бірақ  сіз ешқайда кетпедіңіз. Неге?

– Жасыратын несі бар, ұсыныстар болды. Ол кезде елімізде хоккей дамымай тұрған. Сондықтан көп хоккейшілер – Омбы, Магнитогорск, Тольяттиге кетті. Соңғысына меніде шақырған.

– Не себепті кетпедіңіз?

 

– Себебі, анам екеуміз ғана тұратынбыз. Анам қарсы болды. Өзімде аса ұмтылған жоқпын. Осылайша, Өскеменде қалып өз сәтімді күттім.

– Хоккей болмаса, қай спортпен айналасушы едіңіз?

– Бокс. Айтқандай-ақ, аты-жөніміз ұқсас Роман Жайлауов деген азамат қазір кәсіпқой бокста жұдырықтасып жүр. Бірақ, ол еліміздің басқа жерінен екен. Онымен сәті түссе танысқым келеді.– Денеңіз аса ірі емес. Владимир Крикунов жаттықтырған кезде қиын болған жоқ па?

– Жаттығулары ауыр болғанымен, бізді аса қатты қинады деп айта алмаймын.– Жаттығу кезінде жарақат алған жоқсыз ба?

– Ауыр жарақат алған жоқпын. Бір оқиға есімде, ол Крикунов емес, басқа бапкердің кезінде болған жайт. Жаттығу барысында аяқты тербетіп жатқанымызда, бізге бапкер 400 келіні бірнеше рет аяқпен көтеруге нұсқау берген болатын. Осы жаттығуды орындаймын деп, төрт жүз келіні көтере алмай, аяғым қысылып қалғаны есімде. Қасымдағылар көмектесіп әлгі зілтемірді көтерді.– Тегіңіз аталу тұрғысынан орыстарға біраз қиыншылық тудырады...

– Екі жыл бойы тегім дұрыс аталмады. Мен үшін бұл жағымсыз болатын. Бірақ мұның да көңіл көтерер тұстары бар.

– Қандай?

– Командаластарым менің дұрыс айтылмаған тегімді естіп күлетін. Әріптестеріме күлкілі болғандықтан, мен көнетінмін. Бірақ, қазір бәрі үйреніп кетті.

– Талғат көп сынды көтере бермейді, мінезі тұйық деп естідік...

– Ол рас. Жас кезімдегідей емес, қазір ер жеткен соң, кез келген затқа байыппен қараймын.

 

Құрлықтық хоккей лигасының ресми сайтынан.

Аударған: Қайсар Оқас