Допты хоккейден Ресей чемпионатында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайық» командасы  өз мұз айдынында Саратовтың «Универсалын» қабылдады.

Жаңа жылдағы алғашқы ойынын Дмитрий Иванников баптайтын батысқазақстандықтар барынша жинақы өткізіп, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Әсіресе, команда капитаны әрі сұрмергені, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ескендір Нұғманов хет-триктің авторы атанып, осы маусымда соққан доп санын 23-ке жеткізді. Сондай-ақ Александр Шавалдин, Петр Грибанов, Самат Аманшин қонақтар қақпасын дәл көздеді.

Бұл ойыннан кейін 30 ұпай жинаған оралдықтар екінші топта көш басындағы «СКА-Свердловск» (Екатеринбург) командасын қуып жетті. 9-шы қаңтар күні «Ақжайық» пен «Универсал» командалары екінші ойынын өткізеді.