Бадминтоншы Дмитрий Панарин жасөспірімдер Олимпиадасындағы жекелей және командалық сынды аяқтады. Спортшының жүлдеден алыс қалуының себебін команда бапкері Асқар Орманов түсіндірді деп жазады Olympic.kz.

«Жалпы алғанда, Панарин өз деңгейінде өнер көрсетті. Жарысты жалғастыруға аздаған сәттілік жетпей қалды десем болады. Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған жапондық спортшы біздің тобымызға түсті. Дима барынша қарсылық танытты, десе де, әлем үздігін тоқтату мүмкін болмады. Есесіне, біздің спортшымыз Молдова атынан сынға түскенімен Чехияда жаттығатын Кристиан Савинді жеңді. Кристиан ересектер арасындағы Гран-при турнирлеріне қатысып жүрген жігіт. Сондықтан, бұл жеңіс бізді қанаттандырған еді», - дейді бапкер.

Асқар Орманов командалық бәсекедегі жеңілістің себебін де айтып берді.

«Мен біздің топқа Аргентина спортшысы түспесе деп тілеген едім. Өйткені, олар бадминтонды жақсы меңгергендер қатарында емес. Тек Олимпиаданы қабылдаушы мемлекет ретінде өз спортшыларын еш іріктеусіз қоса алады. Сол аргентиналық жігіт команданы төменге тартумен болды. Одан бөлек, тағы екі спортшы әлі де болса жекелей сында жеңілмеген. Олардың бапкерлері командалық сынға барын салмайтынын, бар күшін жекелей жарысқа сақтайтынын ашып айтты. Міне, жеңілістің басты себебі осы», - дейді Орманов.