Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасында екінші жарыс күні аяқталды. Әзірге, Қазақстан қоржынына қандай да бір жүлде түскен жоқ.

Назарларыңызға екінші жарыс күнінде сынға түскен қазақстандық спортшылардың нәтижесін ұсынамыз.

Бадминтоншы Дмитрий Панарин өз тобында жеңіліссіз келеді. Ол жекелей және жұптық сында жүлдеге таласуда. Ол екінші кездесуде Фиджи аралдарының өкілін 2:0 есебімен жеңді.

Шпагамен семсерлесуде Тамила Муридова жанкүйерін қуанта алмады. Топтық кезеңдегі алты кездесудің барлығында да ол жеңіліс тапты. Айта кету керек, барлық кездесуде де Тамилаға жеңіс үшін аз ғана ұпай жетпей қалды. Десе де, келесі айналымға жолдама алған Муридова украиналық спортшыға жол берді.

Триатлонда ел намысын қорғаған Дмитрий Зубцовтың көрсеткіші – 26-шы орын.

Батутта секіруде Екатерина Лукина финалға өткен жоқ. Қазақстан командасының бапкері Сергей Вертянкин Лукинаның сәтсіздігін тәжірибенің аздығымен түсіндірді.