Golden Boy Promotions президенті Оскар Де ла Хойя Boxingscene порталына сұхбат беріп, мексикалық боксшы Сауль Альварестің (50-1-2,34КО) қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен (38-1-1,34КО) болуы мүмкін үшінші жекпе-жегі туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Біз үшінші жекпе-жекті ұйымдастыру жағын ойластырамыз. Мен жаңа ғана Леффлермен және Сулейманмен (WBC президенті) сөйлестім, біз Альварестың келесі жоспарын талқыладық. Біз Альварес және бокс спорты үшін тиімді жұмыстар істейміз, басқасы маңызды емес. Ең маңыздысы - жанкүйерлер ең тартысты жекпе-жекті көруі керек», - деді Де ла Хойя.

Промоутер Альварестің осы жылы 15 желтоқсанында рингке оралатынын, қарсыластың әзірге белгісіз екенін жеткізді. Сондай-ақ, Оскар Де ла Хойя үшінші жекпе-жек туралы былай деді: «Екінші жекпе-жек өте тартысты болды. Ал үшінші жекпе-жек болуы әбден мұмкін, жанкүйерлер бұл айқасты көргісі келеді. Бастысы - Альварес жеңіске жетті, мен енді онымен сөйлесемін. Жалпы, үшінші жекпе-жектің болу-болмауын Альварес шешеді».

Еске сала кетейік, Головкин - «Канело» рематчында отандасымыз төрешілер шешімімен (113-115, 114-114, 113-115) жеңіліп, чемпиондық белбеулерінен айырылды.