Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Мельников әлем чемпионаты қарсаңындағы спортшылар дайындығына баға беріп, жаңадан енгізілген салмақ дәрежелері туралы өз ойымен бөлісті, деп жазады Олимпиада комитетінің ресми сайты.

- Қазіргі таңда команданың алдында тұрған мақсат біреу – әлем чемпионатында сәтті өнер көрсету. Бір айдан бері жаттығу жиынын өткізудеміз. Алаңсыз дайындалу үшін бар жағдай жасаған. Жаңа залда жаттыып, жақсы тамақтануға мүмкіндік бар. Медициналық тұрғыдан жоғары деңгейде көмек көрсетіліп жатқанын да айтқым келеді, - дейді бас бапкер.

Юрий Мельников зілтеміршілердің дайындығына ерекше тоқталып өтті.

- 5 қазан күні бақылау ретінде тағы да спортшыларды сынап көреміз. Дәл қазін жігіттердің күші қандай екенін бағамдау үшін керек бұл. Әлі уақыт бар. Әлем чемпионатының алдындағы оқу-жаттығу жиындары Шымкентте өтеді. Дайындық жоспар бойынша өтуде, спортшылар өз міндеттерін толығымен атқарып жатыр. Айтарлықтай жарақат та жоқ. Тек Денис Уланов Қазақстан чемпионатындағы жарақатын сәл асқындырып алды. Алайда, қорқатын ештеңе жоқ. Барлығы да соңғы күштерін сарп етіп, жаттығуға аянбай кірісті. Әлем біріншілігінде Олимпиадаға қажетті ұпай жинауға тырысамыз. Сондай-ақ, допингілік қызметпен де тығыз байланыстамыз, тексеру жүргізіп тұрамыз, - дейді ол.

Бас бапкер жаңа салмақ дәрежелеріне қатысты пікірін де жасырған жоқ.

- Әлем чемпионатында жаңа салмақ дәрежелері қолданысқа енеді. Алдын-ала болжам айту қиын. Біздің команда ғана емес, әлемдегі басқа құрамалар да осындай күйді бастан кешіріп отыр. Қарсыластарды түсіну қиын әзірге. Әлем чемпионатының жоғары деңгейде өтетіні сөзсіз. Өйткені, қатысушылар көп, - дейді бапкер.