Биылғы жыл Қазақстан спорты үшін табысты болды деп айтуға барлық негіз бар. Өйткені біздің елдің өрендері әлемнің әр қиырында өткен көптеген халықаралық жарыстарда жасындай жарқырап, жеңіс тұғырының ең биік сатыларына көтерілді. 

Солардың арасында әлем чемпионаты, құрлық біріншілігі және басқа да дүбірлі додалар бар. Сонымен қатар республика көлемінде талай байрақты бәсекелердің жалауы желбіреді. Әрбір өткізілген шаралардың деңгейі аса жоғары болды. Бір сөзбен айтсақ, Жылан жылы Қазақ елінің спортшылары мен жанкүйерлері үшін қуаныш пен шаттыққа толы болды. Бұл сөзді біз еш қымсынбай айта аламыз.

Осы күнге дейін ел спортындағы ең бір күрмеуі көп мәселе – қысқы спорт түрлерінің дамуы ба­рысы еді. Байрақты бәсекелерге қатысқан отан­дастарымыз үнемі олжасыз оралып жүргені жасырын емес. Әлем чемпионаттарында жүлде алмағанымызға талай жылдың жүзі болды. 2002 жылы Солт-Лейк–Сити Олимпиадасында сан со­ғып қалдық, 2006 жылы Туриндегі ойындарда ой­сырай ұтылдық. Иә, 2010 жылы Ванкуверде бір күміске қол жеткізгеніміз рас. Алайда ол медальді бізге Ресейден келген Елена Хрусталева әперді емес пе?! Сондықтан да «Бұл қазақстандық ма­мандардың ерен еңбегінің арқасы» деп айтуға біз­дің ұятымыз жібермеді.

Ал биыл сол сең түзелгендей болды. 2013 жыл­дың басында өткен әлем чемпионаттарында Қа­зақстанның төрт бірдей спортшысы төрткүл дүние жұртшылығын таңдандырып, жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл жеңістің барлығы да әрбір қазақ­стандық үшін аса қымбат. Өйткені жарыс жолы­-на жасындай жарқырағандар өзге елден келгендер емес. Барлығы да өз өрендеріміз. Бәрі де Тә­уелсіз еліміздің түлектері. Тарқатып айтсақ, үстіміздегі жылы конькиші Денис Кузин әлем чемпионы атанды. Ресейдің Сочи қаласында ол 1000 метрлік қашықтықта алдына жан салмады. Қазақстанның бірде-бір конькишісі бұрын-соңды осындай биікке жеткен емес. Сондықтан да ең­се­міз бір көтеріліп қалды.

Канаданың Лондон қаласында мәнерлеп сыр­ғанаудан ұйымдастырылған әлем чемпионатында Денис Тен күміс медальді мойнына ілді. Спорт­-тың бұл түрі бойынша да отандастарымыз бұған дейін осындай белесті бағындырмақ тұрмақ, оған маңайлай алмаған да еді. Негізі, Денис алтын тұ­ғыр­­ға көтерілуге тиіс еді. Алайда төрешілер әді­леттікті белден басып, канадалық Патрик Чанның жеңіске жетуіне «өлшеусіз үлес» қосты. Олар бұған дейін екі рет әлем чемпионы атанған саңлаққа жақтасты. Сол кезде бүкіл шетелдік БАҚ өкілдері «Тенге медальді қайтарыңдар» деп шу шығып, әлем­нің әр қиырында түрлі акциялар ұйымдас­тырды. Тіптен есімдері төрткүл дүниеге танымал тұлғалардың өздері Денис үшін араша түсіп, ақы­рынып әділдік сұрады. Бірақ қазылар алқасының бастапқы шешімі өзгерусіз қалды. Десек те, одан біз еш ұтылған жоқпыз. Ең бастысы, Қазақстанда да мықты мәнерлеп сырғанаушы бар екеніне төрткүл дүние жұртшылығы анық көз жеткізді. Олай болса, біздің қос Денис – Кузин мен Тен қандай да құрметке лайық екені анық.

Қысқы спорттағы табысымыз осымен ғана шектеліп қалған жоқ. Шаңғышылар сайысында да әлеуетімізді бірден байқаттық. Бұған дейінгі дүбірлі додалардың барлығында жеңіс тұғырына сынық-сүйем қалғанда сүрініп жүрген Алексей Полторанин мен Николай Чеботько биыл көк байрағымызды биікте желбіретті. Аппенин тү­бе­гіндегі Валь-ди-Фьемме қаласында өткен әлем чемпионатында олар асқан шеберлік танытты. Қос спортшымыз бірігіп өнер көрсетіп, бір қоланы қоржынға салса, жекелеген сайыста Алексей тағы да үшінші сатыға табан тіреді. Осындай өрелі өнерлерінің арқасында Қазақстанда даңқты шаң­ғышы Владимир Смирновтың жеңісті жолын жалғастыруға лайық ізбасарлардың бар екенін Полторанин мен Чеботько дүйім жұртқа паш етті.

Бокстан Алматыда өткен әлем чемпионаты да ел спортындағы тарихи оқиға екені даусыз. Жер­гілікті жанкүйерлер осы жарыстан алған әсер­лері мен жуан жұдырықты жігіттердің Алатау бау­ра­йындағы «жан алысып, жан беріскен» айқасы жайында әлі жылдар бойы тамсана әңгімелеп жү­рері сөзсіз. Өйткені Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлері бойынша осындай деңгейдегі жарыс Алаш топырағында тұңғыш рет өтті. Ұзақ уақытқа созылған үзілістен кейін былғары қолғап шеберлері шлемсіз жұдырықтаса бастады. Ұйым­дастырылу деңгейі бас бармақпен бағаланды. Талай лауазым иелері мен даңқты боксшылар Ала­тау баурайын бетке алды. Қазақстанның ұлттық құрамасы 4 алтын, 2 күміс және 2 қолаға қол жет­кізіп, жалпы есепте топ жарды.

Аталмыш жарыста қазақтың төрт бірдей ұлы алтын тұғырдан қол бұлғады. Бұл нәтиженің де ел спорты тарихында алтын әріппен жазылып қалары хақ. Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов және Жәнібек Әлімханұлы Алматы рингінде қарсылас шақ келтірмесе, Әділбек Ния­зымбетов пен Иван Дычко күміс медальді мо­йындарына ілді. Ал Қайрат Ерәлиев пен Берік Әб­дірахманов қола жүлдегер атанды. Жалпы, осы жарысқа қатысқан 10 спортымыздың арасынан тек екеуі ғана жеңіс тұғырына көтеріле алмады.

Кәсіпқой бокста да жағдаймыз жақсы. Бүгінгі таңда екі бірдей жуан жұдырықты жігітіміз ең бел­ді нұсқалар бойынша әлем чемпионы атанып отыр. Қазіргі кезде Геннадий Головкин мен Бейбіт Шүменовтің алдын орайтын ешкім жоқ. Екеуі де қарсы келгендерді қоғадай жапырып келеді. Со­ның барлығын есепке алған кәсіпқой бокс май­талмандары Головкин мен Шүменовті «Супер­чемпион!» деген атаққа лайық деп тапты.

Кәсіпқой рингке енді ғана қадам жасаған Қа­нат Исламның да тегеуріні өте күшті. Осы күнге дейін 16 рет шаршы алаңға шыққан қандасымыз барлық қарсыласын бір деммен ұтып шықты. Тіптен алыстағы Америкада қазақтың қайсар ұлымен «тіресуге» жарайтын ешкім табылмады. Егер Қанат бауырымыз келесі жылы әлем чем­пионы атанып жатса, оған ешім таңдана қомас еді.

Дүниежүзілік бокс сериясы додасында «Астана арландары» топ жарды. Қазақстанда іргесі қалан­ған бұл команда бұған дейін екі рет аталмыш жа­рыста жүлдегерлер санатына қосылғанын жан­кү­йер­лер жақсы біледі. Бір рет күміс, бір рет қола алдық. Ал бұл жолы «Арландар» айға шапты. Өзге елдің өкілдерінің барлығынан басым түскен біздің жуан жұдырықты жігіттеріміз алтын жүлдені қан­жығаларына байлады.

Дзюдодан өткен әлем чемпионатында Азамат Мұқановтың өнеріне құлшына қол соқтық. Бра­зилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен до­дада қандасымыз небір дүлейлермен күш сынасып, барлығын жықты. Тіптен әлемдік додаларда оза шапқан балуандарды Азамат оп-оңай жықты. Кей­біреуін ол «ауырту» тәсілімен ұтса, кейбіреуінің аяғын көктен келтірді. Тек Жапонияның мақтаншы Масаси Ебунимаға ғана әлі жетпеген қандасымыз күміс медальді иеленді. Бұған дейін самбодан әлем чемпионы, әлем чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері атанған қазақ дзюдошысының жолына мамандар үлкен үмітпен қарап отыр.

Грек-рим күресінен өткен додада аса ауыр салмақтағы Нұрмахан Тінәлиевке ерекше риза бол­дық. Ол қатарынан үш рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып отыр. Бұған дейін Мәскеу мен Ыстамбұлда халықтың қошеметіне бөленсе, биыл Будапеште бағы жанды. Алыптар айқасында қазақтың нар тұлғалы азаматының жеңіс тұғырына көтерілгенін көрген сайын күллі Алаш жұрты бөркін аспанға атып қуануда. Дәл сол жарыста әйел­дер күресінің өкілі Екатерина Ларионова да қола медальді иемденді. Жастар арасында талай додада жүлде алған қызымыз аталмыш додада өзінен әлдеқайда тәжірибелі балуандарға тізе бүктірді.

Қазақстанның ауыр атлеттері биылғы әлемдік додаға аралас құраммен аттанды. Себебі ұлттық құрама бапкерлері Лондонда айды аспанға шы­ғарған зілтеміршілердің барлығының емін-еркін демалуына рұқсат берді. Олимпиада чемпионы атағын олжалаған үш қызы да сол аралықта тұр­-мыс құрып үлгерді. Светлана Подобедова өзінің командалық әріптесі, 2009 жылғы әлем чемпионы Владимир Седовқа күйеуге шықты. Келесі жылы осы ерлі-зайыптылардың жеңіс тұғырына алма-кезек көтерілген сәтін көреміз деп үміттенеміз.

Кезіндегі белді зілтемірші, Азия ойындарының жеңімпазы Вячеслав Ершовпен дәм-тұзы жарас­қан Майя Манеза өзі оқитын Қазақ қыздар педа­гогикалық универистетінің салтанат залында қа­зақы дәстүрмен дүркіретіп той өткізді. Құр­бы­ларынан қалғысы келмеген Зүлфия Чиншанло да осыдан бірер ай бұрын өзінің сүйіктісіне қосыл­-ды. Алайда олардың тойы «үн-түнсіз» өтті. Десек те, Польшада өткен жарысқа Олимпиа­да чемпиондары қатыспағанымен, одан Қазақ­-стан ауыр атлетикасының беделіне еш нұқсан келген жоқ. Бұл жолы да жерлестеріміз жүлдесіз қалмады. 94 келі салмақ дәрежесінің қос медалі біздің жігіттерге бұйырды. Осы күнге дейін тек құрлықтық жарыстарда жүлде алумен шектеліп келген Алмас Өтешов Вроцлавта күміс медальді мойнына ілді. Владимир Седов қолаға қол созды. Қос жерлесіміздің тек Ресей мықтысы Александр Ивановқа ғана әлдері жетпеді. Өзгелердің бар­лығын «тақырға отырғызған» отандастарымыз өздерін жаңа қырынан көрсетті. Седов үшін бұл – әлем чемпионатының екінші жүлдесі. Осыдан төрт жыл бұрын Владимир Оңтүстік Кореяның Гоянг қаласында алтын тұғырға көтерілген болатын. Ал Алмас Өтешев бола, дүниежүзілік додада жүлде алған тұңғыш қазақ зілтеміршісі ретінде өз есімін спорттық шежіреге алтын әріптермен жазды.

Велошабандоздар үшін де жылан жылы же­місті болды. Қазақстанда іргесі қаланған «Астана» клубының мүшелері бірқатар байрақты бәсекеде көңіл көншітерлік нәтиже көрсетті. Шахматшы­лар сайысында Жансая Әбдімәліктің асқан шеберлігіне тәнті болдық. Кикбокс пен самбодан өткен дүниежүзілік додада Қазақстан құрамасы­ның қанжығасы майланды.

Әркез сын садағына ілігіп жүрген футболшы­лар биыл ерледі. Бұл ретте біз Қарағандының «Шах­тер» клубына дән риза болдық. Қарт құр­лықта доп тепкен олар небір мықты команда­-ларды жолынан ығыстырып, УЕФА-ның Еуропа лигасының топтық турнирінде бақ сынау құр-метіне ие болды. Бұл да ел футболы тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Сол игі дәстүр өз жалғасын тауып, Қазақстанның басқа да клуб-тары алдағы уақытта қарағандылықтарға қарап бой түзейді деп үміттенеміз. Ал Қазақстанның ұлттық құрамасы болса әлі де еңсе тіктей алмай ке­леді.

Құрлықтық хоккей лигасында (КХЛ) күш сы­насып жүрген «Барыс» та қандай да мақтауға лайық. Әдетте плей-офф бәсекесіне әзер жолдама алып жүрген астаналықтар биылғы маусымды өте тегеурінді бастады. Қазіргі кезде олар жарыс кес­тесінің жоғарғы жағында келеді. Тіптен біздің хоккейшілер тұрақты біріншілікті бірінші орын­мен аяқтауы да мүмкін. Алайда біз үшін басты меже – плей-офф додасында барынша нәтижелі өнер көрсету. Ал егер «Барыс» Гагарин кубогы жолындағы жарыста үздіктер санатына қосылатын болса, бұл да ел хоккейі тарихындағы елеулі оқиға болары даусыз.

Ұлттық өнерімізді ұлықтауды мақсат тұтқан «Қазақстан барысы» жобасының да беделі жыл­-дан-жылға артып келеді. Биылғы жарысты әлем­-нің көптеген елдері тамашалап, қазақ күресінің құдіретіне бас иді. Жарыс жолына шыққан әр балуан боз кілемде барын салды. Нар тұлғалы өрендеріміздің айқасы Семей өңірінің түлегі Айбек Нұғымаровтың жеңісімен аяқталды. Фи­налда ол қарағандылық Ержан Шынкеевті ұтса, үшінші орынға Оңтүстік Қазақстан облысының алыбы Жұманазар Ерсұлтанов табан тіреді. Арада біраз уақыт өткеннен соң Таразда «Еуразия ба­рысы» додасының тұсауы кесілді. Бұл жарысқа Еуропа мен Азиядан келген 8 мемлекеттің ұлттық құрамалары қатысты. Бұл шара да төл өнеріміздің көсегесін көгертіп, көкжиегін кеңейтуге септігін тигізетініне сенім зор. Міне, осылай тізбектей берсек, ел спортында жағымды жаңалықтар өте көп болғанына тағы да анық көз жеткіземіз. Осы жеңісті дәстүрдің келесі маусымда да, яғни жылқы жылында да өз жалғасын табуына тілектеспіз.

 

Ғалым Сүлеймен