Бүкіләлемдік допингке қарсы қауымдастық (WADA) Халықаралық Әуесқой Бокс Қауымдастығының барлық талапқа сай екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті. «Бүкіләлемдік допингке қарсы қауымдастық (WADA) атқарушы комитетінің AIBA-ға қатысты мәлімдемесі - бокс әлемі үшін маңызды жаңалық. Себебі, спорт саласындағы допинг мәселесін қатты қадағалайтын WADA қаһарына ұшыраған кез-келген ұйымның болашағы бұлыңғыр. Ал AIBA бұл сыннан сүрінбей өтіп отыр» делінген федерация таратқан ақпаратта. WADA құрған арнайы комиссия AIBA-ның допингке қарсы кодекске толық сәйкестігі жөнінде қорытынды шығарып, WADA атқарушы комитетіне қолдайтынын білдіріп ұсыным енгізген. Сондықтан, 2019 жылы Ресейдің Сочи қаласында өтетін ерлер арасындағы әлем чемпионатына қатысты барлық мәселе шешімін тапты деген сөз.

Осыған қатысты AIBA атқарушы директоры Том Виргетс мәлімдеме жасады. «AIBA үшін бұл жаңалықтың орны ерекше. Біздің басты мақсатымыз - бокстың кеңінен дамуына қолайлы жағдай жасау және допинг проблемасының алдын алу. Бұл бағытта WADA-мен әріптестігіміз одан әрі өзінің оң нәтижесін береріне сенімдіміз», - деді ол.