Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 26-туры аясында алғашқы үш матч аяқталды.

Қостанайлық «Тобыл» өз алаңында талдықорғандық «Жетісуды» қабылдаған. Матч есебін қонақтар ашты. 21-минутта Руслан Степанюк қанжығасын майлады. Алайда үзіліске дейін алаң иелері есепті теңестіріп қана қоймай, алға шыға алды. 32-минутта Ника Квеквескири таразы басын теңестірсе, үш минуттан соң Азат Нұрғалиев гол соқты. Қостанайлықтардың өкінішіне қарай, қонақтар сапынан Сервер Джепаров пенальтиден гол соғып, матч нүктесін қойды – 2:2.

Ал «Ертістің» жағдайы тым ауырлай түсті. Павлодарлық клуб өз алаңында петропавлдық «Қызылжарды» қабылдаған. Еліміздің солтүстігінде орналасқан екі клубтың матчында қонақтар жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз голды 7-минутта Тимур Мульдинов соқты. Айта кетерлік жайт, 27-минутта павлодарлық ойыншы Рафкат Аслан алаңнан қуылған болатын. Қорытынды есеп – 0:1.

Алаң иелерінің сүреңсіз нәтижелері Қарағандыда қайталанбады. «Шахтер» атыраулық қонақтардан басым түсті. Мұнда да бірінші болып қонақтар алға шыққан – Юре Обшивац мергендігімен танылды. Таймның аяғында Сергей Шафф гол соғып, есепті теңестірді. Матч соңына таман Дамир Кояшевич «кеншілерге» жеңіс сыйлады – 2:1. «Мұнайшылар» есепте алда болғанымен, жеңісті сақтап қала алмады.

Осылайша, 26-турдың алғашқы үш матчында бір ойын тең аяқталса, бір мәрте алаң иелері, бір мәрте қонақтар жеңіске жетті.