Допты хоккейден Ресей чемпионатында Оралдық «Ақжайық» Краснотуринскіде жергілікті «Динамо-Маяк» командасымен күш сынасты.

Аса тартысты өткен ойында алаң қожайындардың сапында Семен Подкин 7-ші минутта есепті ашты. 41-минутта «Ақжайықтың» капитаны Ескендір Нұғманов таразы басын теңестірді.

Екінші таймда Евгений Царегородцев «Динамо-Маяк» командасын қайтадан алға шығарды. Дегенмен «Ақжайық» ойыншылары өз шеберліктерін көрсете білді. 67-ші минутта Александр Шавалдин мергендік танытса, үш минуттан кейін Самат Аманшин командасына жеңіс сыйлады.

25-ші желтоқсан күні «Динамо-Маяк» пен «Ақжайық» екінші ойындарын өткізеді. Бұл командалардың Оралдағы қос кездесуі де 5:5 есебімен тең аяқталған болатын.