Өскеменде 20-24 желтоқсан күндері волейболдан әйелдер командалары арасында Жоғары лиганың «А» дивизионында Қазақстан чемпионатының 2-тур ойындары өтті. 

Мүмкін болған 15 ұпайдың 14-ін өз қоржынына салған «Алматиночка-Алматы» командасы турнир кестесінде көш бастады. Бұған дейін 23-27-ші қарашада Қарағандыда өткен алғашқы турда үздік шыққан қостанайлықтар бұл жолы 20 ұпаймен үшінші орынды қанағат тұтты. Ал көшбасшыдан 2 ұпайы кем қарағандылықтар екінші орында келе жатыр. Турнир кестесінің екінші бөлігінде Өскеменнің «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс-2» (15 ұпай), Оралдың «Грация-KZ» (6 ұпай) және Павлодардың «Ертіс-Қазхром-2» (1 ұпай) командалары тұр. Бұл сында алматылықтар өз қоржынын - 14, қарағандылықтар - 13, өскемендіктер - 9, қостанайлықтар - 6, оралдықтар - 3 ұпаймен толықтырса, павлодарлықтар бірде-бір ұпайға ие бола алмады. Онда оралдық Ұлмекен Мелісова, алматылық Екатерина Разоренкова, қарағандылық Инна Герман, өскемендік Светлана Кимасова, қостанайлық Анастасия Ростовщикова, павлодарлық Дарья Шевчук екінші турдың үздік ойыншылары деп танылды. Келесі тур ендігі жылы 19-26 ақпанда өтетін болады.