Щучинск қаласындағы «Бурабай» кешенінде шаңғы жарысынан Қазақстанның жазғы біріншілігі өтті.

Спортшылар жалпы есебі төрт бағдарлама бойынша бақ сынады. 2 қыркүйек күні кросс бәсекесі басталса, кейін шаңғы роллерінен жекелей спринт, классикалық әдістегі жекелей сын және еркін әдіспен із кесу жарысы өтті.

Ел біріншілігіне Қазақстанның 11 облысынан 120 спортшы, Ресейден 3 атлет қатысты.

«Біз халықаралық шаңғы Федерациясының қолдауымен шаңғы роллерінен алғаш рет ел біріншілігін өткіздік. Бұл біздің шаңғышылардың әлемдік рейтингтегі өз нәтижелерін жақсартуға көмектесті. Сондай-ақ, әлем чемпионы әрі Олимпиаданың қола жүлдегері, ресейлік Алексей Петуховтың жарысқа қатысуы отандық спортшылардың тәжірибесін арттыруға септігін тигізгені анық», - деді шаңғы спортынан Қазақстан командасының спорттық менеджері Александр Батяйкин.

Сонымен қатар, чемпионат барысында төрешілер семинары, кәсіби спортшылардың ашық сабағы және РФ еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Каминскийдің бапкерлерге арналған жиыны ұйымдастырылды.