ІІІ Көшпенділер ойындарына келген көкпардан ұлттық құрама жарысқа қатыспайды. Бұл туралы Қазақстанның Көкпар федерациясының президенті Ерлен Оспанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Жарысқа қатысуға ұлттық құрама толық құрамда келді. Мандаттық комиссиядан өттік. Алайда, бүгін белгілі болғандай, ойындар халықаралық ережеге сай өтіп жатқан жоқ. Оған қоса, құрамаға аттар тиісті уақытында берілмеді» - дейді Ерлен Оспанов.

Аталған халықаралық жарыстың «Түркі халықтарының дәстүрлі ойындары халықаралық қауымдастығы» бекіткен көкпар ережесіне сай өтпейтіндігіне байланысты ұлттық құраманы жарыстан алып тастау шешімі қабылданған.

Сондай-ақ басқа елдің командалары үшін Қырғызстан спортшылары қатысуда. Осы жағдайға байланысты мандаттық комиссияға тиісті өтініш берілді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан сапынан жарысқа 204 спортшы қатысатын болады. Біздің спортшылар ойынның 32 түрі бойынша өнер көрсетеді деп жоспарланған.

Бүкіләлемдік Көшпенділер ойыны – этноспорт тарихындағы ең ауқымды шаралардың бірі. Ойындар екі жылда бір өткізіледі. Осы жылғы ойындарға 80-ге жуық мемлекеттің спортшылары қатысқалы отыр.