«Астана» президенті Саян Хамитжанов елордалық ұжым Кипрдің АПОЭЛ командасын жеңіп, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуына қатысты пікір білдірді:

— Ең алдымен барша жанкүйерлерді команданың Еуропа лигасы топтық кезеңіне жолдама алғанымен, Конституция күнімен құттықтаймын! Команда бүкіл Қазақстанға мерекеге арнап тамаша сыйлық тарту етті. Қазақстан асыл ерлерін мақтан ете алады! Мен футболшыларға, бапкерлер штабына осы жетістік үшін алғыс білдіремін. Ойындағы қиындыққа қарамастан, олар мінез танытып, осы жеңісті жұлып әкетті. Маусымдағы басты міндеттердің бірі — еурокубоктардың топтық кезеңіне шығу жоспары орындалды. Төртінші рет қатарынан еурокубоктардың топтық кезеңіне шығу — мақтан етуге тұрарлық жетістік.

— Саян Жақсыгелдіұлы, топтық кезеңде «Астананың» алдында қандай міндеттер тұр?

— Әзірге бұл туралы айтуға әлі ерте. Жеребеге көп нәрсе байланысты. Өткен маусымда 1/16 финалға шыққан соң, жігіттер сол жетістікті тағы да қайталағысы келеді. Бірақ, шынын айту керек, бұл өте қиын міндет болмақ. Бірақ маусымның қалған бөлігіндегі негізгі мақсатымыз — ең алдымен Қазақстан чемпионы атағын қорғау!