Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі «Астана» мен АПОЭЛ арасындағы қарымта кездесу алдында елорда командасының бас бапкерінің уақытша міндетін атқарушы Григорий Бабаян журналистер сұрағына жауап берді.

— Меніңше, ертең бізді қызықты ойын күтіп тұр. АПОЭЛ – өте тәжірибелі команда. Қазірше олардың өз елінде соққан бір гол басымдығы бар. Дегенмен, біздің қарымта кездесуде жеңіске жетуге мүмкінгіміз бар. Ертеңгі кездесуде топтық кезеңге шығу үшін алаңда қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Мұндай сәтте жанкүйерлердің қолдауы да өте маңызды. Сондай-ақ футболда сәттілік те керек. Ертең осылардың бәрі біріксе, жеңіске жетеміз деген ойдамын.

— Ел чемпионатының соңғы турында Алексей Щеткин үш гол соқты. Оның басқа футболшылардан қандай айырмашылғы бар ма?

— Меніңше, алаңға шығуға барлық футболшының мүмкіндігі бар. Иә, Щеткин жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Қазір барлық шабуылшыларымыз бабында деп айта аламын. Барлығы өздеріне және ертеңгі ойынға байланысты болмақ.

— «Астана» Кипрдегі ойынның екінші бөлігінде шаршап қалды. Бұған не себеп?

— Біз бұл туралы бір емес бірнеше рет айтқан болатынбыз. Біріншіден, біз жыл басында Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне қатысып, дайындық кезеңін ерте бастауға мәжбүр болдық. Одан қала берді орта жолда бапкер ауыстырдық. Бұл да футболшылардың ойынына өз әсерін тигізбей қоймады. Кипрдегі ойынға келер болсақ, ол жақта күн өте қатты ыстық және ылғалдық мөлшерден жоғары болды. 70 минутқа дейін жаман ойнаған жоқпыз. Дегенмен қалған 20 минутта футболшыларымыз шаршап қалды. Ертеңгі матчта толық 90 минут ойнап шығу үшін қосымша жаттығу жұмыс істедік.

— Егер команданы «Динамоға» қарсы Сіз дайындағанда нені өзгертетін едіңіз?

— Бұл енді тарих. Бұл сұраққа қалай жауап беретініміді білмеймін. Бізді ертеңгі ойын қызықтырады. Қалғаны аса маңызды емес деп ойлайымн.

— Абзал Бейсебековтың айтуынша, Григорчуктың ойыны «Астанаға» сәйкес келмеді. Сіз командаға қандай өзгеріс енгіздіңіз?

— Тактикалық тұрғыдан бірқатар өзгеріс енгіздік. Стоиловтың кезінде ойнаған ойынымызды қайтаруға тырысамыз.

— Себеп?

— Мен команданың бас жаттықтырушысы болып тағайындалған соң оған берген нұсқам бойынша ойынды жалғастыра бердім. Сондай-ақ Стойловтан көргенімді де қолдандым. Себебі, бір нәрсені бірден түбегейлі өзгерту дұрыс болмас еді.