Пиреней түбегінде Гранд турлардың үздік үштігіне кіретін мәртебелі «Вуэльта» көпкүндігі басталды. 22 командадан 176 велошабандоздың басын қосқан жарысқа Қазақстанның «Астанасы» да қатысуда.

«Астананың» құрамын, кімдердің жарысқа қатысатынын бұған дейін де жазғанбыз. 21 кезеңнен құралатын көпкүндікте «Астана» велоклубын колумбиялық шабандоз Мигель Анхель Лопес бастап шығады. Ал оның грегарилері Пельо Бильбао (Испания), Дарио Катальдо (Италия), Омар Фраиле (Испания), Ян Хирт (Чехия), Никита Стальнов (Қазақстан), Давиде Виллелья (Италия) және Андрей Зейц (Қазақстан). Ал спорт директорлары Александр Шефер, Дмитрий Седун, Стефано Занини.

Кеше жарыстың алғашқы кезеңі өтті. Малагада басталған көпкүндіктің бірінші кезеңінде спортшылар сөреден жеке-жеке шығып, уақытқа жарысқан. Сегіз шақырымдық жарыста ең үздік көрсеткішке аустралиялық Роан Деннис қол жеткізді. Ал «Астананың» лидері Мигель Анхель Лопес одан 35 секундқа артта қалып қойды. Дегенмен, басты жарыстар әлі алда. Бұл жай ғана кіріспесі болды. Бүгін шабандоздар 163,9 шақырымдық жазық жолда жарысады.