ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы спортшыларды қолдау үшін Индонезияға келді.

«Бүгін басталатын XVIII Жазғы Азия ойындарына Индонезияға келдім. Бірден спортшылармен кездесу үшін Олимпиадалық ауылға бардым. Олардың көңіл-күйі жақсы, жарыстарға дайын, бәрлеріңізге сәлем айтып жатыр! Біздің Ұлттық Құрама қатарында 440 спортшы болса, оның 404-і 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды. XVIII Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің көк туын боксшы Әбілхан Аманқұл алып шығады», - деп жазады министр өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Сондай-ақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы Министрлік Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, Қазақстанның құрама командасының Азия ойындарына сапалы дайындығы үшін барлық жағдайды жасағандығын жеткізді.

«Олар жарыс өткізілетін уақытта ұлттық команда мүшелеріне қажетті кәсіби көмек көрсететін кешенді ғылыми топтардың мамандарымен, тәулік бойы біздің спортшылар үшін қызмет көрсететін дәрігерлер, психологтар мен кезекші массаж жасаушы мамандармен қамтамасыз етілген», - деді ол.