«Қайрат» футбол клубы биыл Еуропа лигасы аясындағы жорығын іріктеу кезеңінің үшінші айналымында аяқтады. Алматылықтардың жолын кескен Чехияның «Сигма» командасы. Бауыржан Исламхан бастаған жігіттер екінші айналымда азулы «АЗ Алкмар» командасын артқа тастаған болатын. Алайда, бұл алдамшы нәтиже болып шықты. Жаңа маусым басталғалы ала-құла өнер көрсетіп жүрген алматылық команда жанкүйерлерін жерге қаратып кетті. Ал бұл жеңіліске іші ашып, өзін кінәлап отырған бапкерді көрген жоқпыз. Бапкер деп «Қайрат» командасы Испаниядан аттай қалап алдырған Карлос Алос Феррер жайлы айтып отырмыз. Бұған дейін бірде-бір кәсіптік клубтың тізгінін ұстап көрмеген Карлос бапкер өзінің біліксіздігін байқатып жүр. Сардары айбатты, сарбазы қайратты алматылық команданың тәлтіректеп екі аяғын тең баса алмай жүргеніне осы испан маманы кінәлі. Біз білетін «Қайраттың» қаржысы толық, демеушісі дайын, ойыншылары шетінен “сен тұр, мен атайын”- деген мықтылар. Бірақ натиже жоқ. Бұған басты кінәлі адам - бас бапкер Карлос Алос Феррер екені сөзсіз. Бапкер ретінде атақ-дәрежесі ауыл арасынан ұзай қоймаған тәлімгер таяздығын танытып жүр. Тіпті таяу арада «Қайратты» бастап биік белесті бағындырады дегенге сену қиын.