Тамыздың 18-і күні Индонезия астанасы Джакартада басталатын Жазғы Азия ойындарында велоспорттан Қазақстан ұлттық құрамасының намысын төрт шабандоз қорғайды. Төртеуі де «Астана» Президенттік клубының дүлдүлдері, деп жазады «Астана» Президенттік клубының баспасөз қызметі.

Алексей Луценко, Евгений Гидич, Жандос Бижігітов және Даниил Фоминых. Міне, Азиадада ел намысын осы квартет қорғамақ. Ал жекелей жарыста Луценкоға үміт артамыз. Команда Индонезия астанасына 20 тамызда ұшып кетпек. Алғашқы жарыс 23 тамызға жоспарланған. Жерлестеріміз 150 шақырымға созылатын топтық жарыста бақтарын сынайды. Ертесі күні Алексейді 40 шақырымдық жекелей жарыс күтіп тұр.

- Дайындық өте жақсы өтті. Италияда таудың бөктерінде дайындалдық. Сосын Польша турына қатыстық. Қазір жігіттердің барлығы бабында. Егер жарысқа дейін жарақат алып қалмаса, Джакартада бәрі жақсы болады деп ойлаймын, - деді Велоспорттан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Асан Базав.

- Ал Индонезия астанасында жігіттер алдарына қандай мақсат қойып отыр?

- Командалық жарыс жайлы айта алмаймын. Өйткені, бұл сәттіліктен тұратын бағдарлама. Біздің мақсатымыз – топтық жарыста топ жару немесе жекелей жарыста чемпион атану. Алексей Луценкоға зор сенім артып отырмыз. Бұйыртса, бір алтынды қанжығасына байлауы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Жазғы Азия ойындарында Луценко жекеле жарыста чемпион атанған.