«Ақтөбе» ФК қорғаушысы қызылордалықтармен өткен ойынға пікірін білдірді – 3:1. - Бастысы бүгін жеңіске жеттік. Бізге ойын алдында бапкерлік штаб бұл матчтың өте маңызды екенін айтқан болатын. Біз тек жеңіс үшін ойнадық, басқа нәтиже қанағаттандырмайтын еді. Ең бастысы, жанкүйерлердің көмегімен жеңіске жете алдық. Өте маңызды жеңіс. Бүгінгі жеңісті, барлық жанкүйерлерге, соның ішінде «13 секторға» арнаймыз. - Бірінші таймда «Қайсар» ойыншылары алғы шепте белсенді ойнап, біздің қорғанысты біраз қыспаққа алған еді. Екінші таймда қатарынан екі гол соға алдық. Бұл жерде қарсылас босаңсып қойды ма, әлде «Ақтөбе» ойынын өзгертті ме? - Өздеріңіз көрдіңіздер, бірінші таймда бізде гол соғатын көп мүмкіндік болды. Бірақ мүмкіндіктеріміз голға айналмай жатты. Қаншама жақсы сәттеріміз болды. Бапкер бізді тек шабуылға емес, қорғанысқа да жақсы көңіл бөлуімізді сұрады. Себебі «Қайсардың» шабуылда ойнайтын ойыншылары өте қауіпті еді. Олар кез-келген уақытта гол соғып кете алатын жақсы ойыншылар. Сондықтан да болар, бірінші таймда қорғаныс пен шабуылды қатар алып жүрдік. Гол соға алмасақ та, соған шыдап, өз мүмкіндіктерімізді күттік. Сол мүмкіндіктеріміз тек екінші таймда ғана голға айналды. Тактикалық тұрғыда дұрыс қимылдап, өз дегенімізге жеттік.