«Астана» Президенттік клубтың құрамына кіретін «Астана» футбол клубы ертең өз алаңында Хорватияның «Динамосын» қабылдайды. Бұл Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінің аясындағы ойын. Ал оған дейін жерлестеріміз сенбі күні ел чемпионатының 21-ші туры аясында «Ақтөбемен» тең түсті.

Даниядан ерлікпен оралған жерлестеріміз бар күшін расымен де Скандинавияға тастап қайтқан еді. Сондықтан, «Ақтөбеге» қарсы кездесу психологиялық тұрғыда жерлестерімізге оңай болған жоқ. Бас бапкер Роман Григорчук те негізгі құрамдағы біршама ойыншыларға демалыс беріп, алаңға резервтегі жігіттерді шығарды. Соған қарамастан команда алаң иелеріне қарсы өте тамаша ойнап, есепті де бірінші болып ашты. Кездесудің 34-ші минутында Роман Муртазаевтың пасын голға айналдырған Рангело Янга еді. Өкінішке қарай, екінші таймда жеңісті есепті ұстап тұра алмадық. Стандартты жағдайлардың бірінде Александр Симчевич «Астана» қақпасынан саңылау тауып, таразы басын теңестіріп кетті. Қорытынды есеп – 1:1.

Дегенмен, елордалықтар маусымдағы басты бәсекелесі «Қайратпен» ұпай айырмашылығын сақтап қалды. Өйткені, Қарағандыға қонаққа барған алматылықтар да жергілікті «Шахтермен» 1:1 есебімен тең түсті. Егер 93-ші минутта Андрей Аршавин пенальти соға алмағанда, «Қайрат» ұтылып та қалуы ғажап емес еді.

Енді елордалықтар ертең Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында Загребтің «Динамосымен» кездеседі. Ойын «Астана-Аренада» сағат 20:00-де басталады.

«Динамо» – өз елінің 23 дүркін чемпионы. Жақында құрамын Италияның «Болоньясында» доп тепкен Бруно Петкович толықтырды. Өте мықты сұрмерген. Алайда, өз алаңында намысты қолдан бермейтін «Астана» бұл матчты да өз пайдаларына шешеді деп сенеміз. Кездесуге Джон Битон бастаған шотландиялық қазылар қызмет көрсетеді.