«Ақжайық» командасына тағы бір украиналық ойыншы алынды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жартылай қорғаушы Амбросий Чачуамен келісімшартқа қол қойды.

А.Чачуа 1994 жылы 2 сәуірде дүниеге келген. Футболмен 2007 жылы Ровноның «Верес» клубы құрамында айналыса бастаған. 2011 жылы «Карпаты» (Львов) клубының жастар, келесі маусымда қосалқы құрамында ойнады. 2013 жылы негізгі құрамға ауысып, содан бері 90-нан астам матч өткізді. Сонымен қатар А.Чачуа Украинаның 19 және 21 жасқа дейінгі құрамаларында өнер көрсетті.

Айта кетейік, жуырда «Ақжайық» командасының тізгінін ұстаған украиналық маман Сергей Зайцев дәл сол «Карпаты» клубынан келген болатын. Ал биылғы маусым басталғаннан бері оралдық клуб құрамында украиналық легионерлер, қақпашы Евгений Боровик, сондай-ақ Сергей Басов, Андрей Ткачук, Игорь Худобяктар ойнап келеді.

Зайцев шәкірттері ХХІ тур кездесуін 4 тамыз күні Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» командасымен өткізеді. Өткен турда Шымкентте «Ордабасыны» ұтып кеткен талдықорғандықтар 25 ұпаймен турнир кестесінде бесінші орынға көтерілген болатын. Ал 24 ұпайы бар «Ақжайық» «Қайсар», «Ақтөбе» командаларымен бірге 6-8-інші орындарды бөлісуде.