«Мидтьюлланд» - «Астана» арасындағы қарымта матч алдында даниялық команда бас бапкері Йесс Торуптың қатысумен баспасөз жиыны өтті, деп жазады prosports.kz сайты елордалық клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Алғашқы кездесуден кейін «Астана» командасы бірінші таймда басым болса, екінші таймда «Мидтьюлланд» жақсы ойнады деген едіңіз. Осы жағдайларды ескере отырып, екі команда тең дәрежеде ойын көрсетті деген қорытынды жасадыңыз. Бұл өз ойыншыларыңыға айтқан басу сөзіңіз болды ма?

- Мен осыған дейін айтқанымдай «Астана» командасы алғашқы таймда жақсы ойын көрсетті. Алайда, біздің команда екінші таймда қарсылас команда қақпасына қауіпті шабуылдар ұйымдастыра алды. Ол ойында «Астана» жеңіске жеткенімен, біз өзімізді екінші таймда жақсы қырымыздан көрсете алдық.

- Алғашқы ойында дубль авторы атанған Ласло Кляйнхайслерді қарымта матчта қалай тоқтату ойыңызда бар?

- Ласло Кляйнхайслер алғашқы ойында өте әдемі екі гол соқты. Дегенмен, біз тек бір ғана ойыншыға қарсы емес, командаға қарсы ойнамаймыз. «Астана» сапында мықты ойыншылар өте көп. Сондықтан, біз барынша командалық ойын көрсетуге тырысатын боламыз.

- Егер «Мидтьюлланд» келесі кезеңге өтпей қалған жағдайда, жанкүйерлер мұны қалай қабылдайды деп ойлайсыз?

- Астанадағы ойын алдындағы баспасөз жиынында бір журналист маған осыған ұқсас сауал жолдаған болатын. Алайда, мен алғашқы ойыннан кейін де біздің келесі кезеңге шығатын мүмкіндігіміз бар деген ойдамын. Біз сенбі күні ішкі біріншіліктегі кездесуде жеңіске жеткеннен кейін, алдағы ойынға толықтай дайынбыз десем болады.

- Соңғы үш жылда еурокубоктердің топтық кезеңдерінде тұрақты өнер көрсетіп келе жатқан «Астана» командасы туралы пікіріңіз?

- «Астана» еурокубоктерде өздерін жақсы қырынан таныта білді. Еуропада көрсеткен ойыны арқылы олар өздеріне мол тәжірибе жинақтағанын көрсетті. Алайда, ертеңгі кездесуде біздің келесі кезеңге өтетін мүмкіндігіміз бар деген ойдамыз.

- Дания жанкүйерлері мен журналистері екі команданың мүмкіндіктерін лайықты деңгейде бағалап жатқан жоқ. «Астана» UEFA рейтингінде үздік 70 команда қатарына кірсе, «Мидтьюлланд» үздік 100 клубтың құрамында да жоқ. Осы орайда, БАҚ өкілдері мен жанкүйерлер «Астанаға» қарсы ойында команда мүмкіндігін лайықты бағалап отыр дей аласыз ба?

- Мен бұл команданың бас бапкерімін. Сондықтан, мен өз командамның жеңісіне толықтай сенім артуға тиіспін. Бұл футбол, бұл жерде барлығы болуы мүмкін.

- Ертеңгі ойында сіздерді 1:0 есебі қанағаттандырады. Осы орайда, шабуыл шебіндегі ұзын бойлы ойыншыларды пайдаланып, қарымта шабуылда ойнау жоспарыңызда бар ма?

- Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Ертең барлығын ойын барысында көретін боласыздар.