«Мидтьюлланд» - «Астана» арасындағы қарымта матч алдында даниялық команда капитаны Якуб Поульсеннің қатысумен баспасөз жиыны өтті, деп хабарлайды елордалық клубтың бапасөз қызметі.

- Егер бас бапкер болсаңыз, «Астана» сапынан қай ойыншыны өз командаңызға шақырар едіңіз?

- Ласло Кляйнхайслер алғашқы ойында өте жақсы ойын өткізді. Дегенмен, менің командалас әріптестеріме толықтай көңілім толады. Әрине, егер «Астана» сапынан қандай да бір ойыншы біздің командаға келер болса, қуана қарсы аламын.

- «Астана Аренада» өткен кездесуде жанкүйерлер командаға өте қызу қолдау көрсетті. Ертегі ойында «Мидтьюлланд» жанкүйерлері Астанадағы ойындағыдай атмосфера тудыра ала ма?

- Астанадағы жанкүйерлер сөзсіз тамаша футбол атмосферасын ұйымдастыра алды. Ертеңгі кездесуде де біздің жанкүйерлер дәл сондай қызу қолдау көрсетіп, біздің ойынымыздың жақсырақ өтуіне көмектеседі деп ойлаймын.

- «Астананың» Еуропадағы ойын мәнері туралы не айтасыз?

- «Астана» - Шығыс Еуропаның мықты командасы. Олардың құрамында физикалық мүмкіндіктері өте жоғары ойыншылар бар. Менің ойымша, олар өз ойын мәнері жағынан киевтік «Динамо» мен донецктік «Шахтердің» деңгейінде.