2020 жылғы Токио Олимпиадасының басталуына тура екі жыл қалды. 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында Жапония астанасы Токио ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындарын қабылдайды. Төртжылдықтың басты додасына күншығыс елі қызу дайындық жүргізіп жатыр.

Халықаралық Олимпиада комитеті 2013 жылдың 7 шілдесінде өткен 125-ші сессияда Токионың 2020 жылғы Олимпиада ойындарын өткізу құқығына ие болғанын хабарлады. Содан бері Азияның алпауыт мемлекеті күллі әлемнің басын қосатын спорт мерекесін абыроймен өткізу үшін бар күшін салуда.

Токио Олимпиадасында спорттың 33 түрінен 339 сайыс өтпекші. Олимпиаданы өткізуге 42 спорт нысаны қарастырылады деп күтілуде. Оның ішінде, 8 жаңа спорттық ғимарат, 10 уақытша нысан салынатыны мәлім болды.

2020 жылғы Токиодағы ойындарда жаңа олимпиадалық спорт түрлерінен тұңғыш чемпиондарды анықтайтын боламыз. Атап айтар болсақ, софтбол, 3*3 баскетбол, спорттық құзға өрмелеу,каратэ, скейтбордингтен спортшылар тұңғыш рет Олимпиадада бақ сынайды.

Олимпиада ойындарын қабылдаушы халық ойынның басты бойтұмарын да жария етті. Мирайтова мен Сомэйти Олимпиада және паралимпиада ойындарының басты белгісі болмақ.

Сондай-ақ, 2020 жылғы Токио ойындарының бағдарламасына жаңа 15 дисциплина бойынша жарыстар енгізілді. Мәселен, суда жүзу спортында 800 және 1500 метрлерге жарысу мен 400 метрге жүзудегі аралас эстафета енгізілді. Тап осындай түзетулер жеңіл атлетика сайыстарында да бар. Семсерлесуден ерлер мен әйелдер арасындағы командалық бәсекелер өтеді. Сонымен қатар, садақ ату, дзюдо, триатлон және үстел теннисінен аралас сындағы жарыстар жоспарланған.

Токио-2020 ойындарын ұйымдастырушылар Алау эстафетасының бағытын жария етті.

Сонымен қатар, Олимпиада ойындарының жарыс кестесі де бекітілген болатын.

Бүгінде ұйымдастырушылар көрермендер мен спортшыларға ыңғайсыздық тудырмау үшін жол-көлік мәселесін шешуде. Олимпиада ойындары кезіндегі шектен тыс ыстық пен ылғалдылық мәселесі де қаралып жатыр.