Шілденің 15-22 аралығында Германия астанасы Берлинде садақ атудан Әлем кубогінің 4-ші кезеңі өтті. Аталған сынға қатысқан қазақстандық спортшылар алғашқы бестіктен көрінді, деп хабарлайды Prosports.kz Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Классикалық садақ атуда ұлттық құраманың үздігі саналатын Денис Ганькин 5-ші орыннан көрінді. Осы бағдарлама бойынша сынға түскен Санжар Мұсаев пен Сұлтан Дүзелбаевтар 9-шы сатыға табан тіреді. Классикалық садақ ату сайысына жалпы есебі 136 спортшы қатысқан болатын.

Классикалық садақ атудан командалық сында Қазақстан ұлттық құрамасы төртінші орын иеленді. Қазақстан намысын Денис Ганькин, Санжар Мұсаев және Ильфат Абдуллин қорғаған болатын. Командалық бәсекеге жалпы есебі 33 команда қатысты.

Компаунд бәсекесінде Ақбарәлі Қарабаев 8-ші орынға жайғасты. Ал осы бәсеке бойынша командалық сында К. Солодовников, П. Фишер және А. Қарабаев үштігі 9-шы орынға табан тіреді.

Әйелдер арасындағы компаунд сынында Д. Макарчук, А. Жексенбинова және В. Лян үздік сегіздікке енді.