Дау неден басталды?

Ағымдағы жылдың мамыр айында Озил жарақат алып, «Арсеналдың» Арсен Венгермен қоштасу матчына қатыса алмады. «Мен әлем чемпионатына дейін сауығып, қалыпқа келуім керек» деді Месут. Ол кезде Германия әлем чемпионатындағы басты фавориті, ал Месут – құраманың көшбасшысы әрі маңызды ойыншысы болып саналды.

15 мамырда белгілі болғандай, Озил жарақатына байланысты алған демалысына орай өзінің құрамадағы досы Илкай Гюндоганмен бірге этникалық Отаны – Түркияға ұшып кетті. Бәрі ойдағыдай болар ма еді...егер футболшылардың ел президенті Реджеп Эрдоганмен кездеспесе?! Себебі, көптеген немістер үшін бұл саясаткер – өзінің мүддесі үшін түрлі жалған әрекеттерге баратын адам... Месутпен кездесу алдында шенеунік Германияны тыңшылыққа айыптап, осылайша арада дау-дамай туындаған болатын.

Реджеп Эрдоганның партиясы Германия құрамасының футбошыларымен кездесу кезіндегі суреттерді жариялап, дауды одан сайын өршітті. Кейбіреулер президент өзіне мықтап пиар жасады деп ойлайды, себебі елде түрік ұлтынан шыққан «Арсенал» мен «Манчестер Сити» ойыншыларын қатты құрметтейді.