Ертең, шілденің 22-і күні «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында кезекті велошеру өтеді. Ол тамыздың 19-ы мен 26-сі күндері Almaty Arena және Halyk Arena спорт кешендерінде өтетін студенттер арасындағы футзалдан Әлем чемпионатына арналады, деп хабарлайды ақпараттық-спорттық ХАБ. Бұл жолы кез келген қала тұрғындары мен қонақтары Тұңғыш Президенті саябағында таңғы сағат 08:30-да жиналады. Велошеру 09:00-да басталады. Әуесқойлар Саин көшесімен төмен түсіп, Рысқұлов және Момышұлы көшелерімен жүріп өтіп, Almaty Arena спорт кешенінің алдында мәреге келеді. Велошерудің жалпы қашықтығы 12 шақырымды құрайды. Мәреде қатысушылардың арасында бағалы сыйлықтар және велосипедтер ойнатылады. Ұйымдастырушылар өз тарапынан, қатысушыларға арнайы бас киімсіз (шлемсіз) қатысуға тыйым салынатындығын ескертеді. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар алда келе жатқан футзал мерекесін қолдау мақсатында барлық қатысушыларға арнайы сүйікті футбол командаларының жейдесін киіп келулерін сұрайды. Айта кетер жайт, бұл велошеру «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының қолдауымен 2018 жылы жоспарланған 21 велошерудің он біріншісі болып саналады.