7 желтоқсан күні Тараз қаласында өтетін «Еуразия барысы» турнирі жақындаған сайын жанкүйерлерден маза кетті. Қазіргі кезде «Бұл бәсекеде кімнің бағы жанар екен?» деген сауал көпшіліктің көкейінде жүргені анық. 

Жасыратыны жоқ, айтулы жарысқа қатысуға құлшыныс танытқан мемлекеттердің барлығы да өздерінің ең белді балуандарына арқа сүйеп отыр. Олар Алаш топырағына кілең ығай мен сығайларын әкелгелі жатыр. Бұған дейін біз бірқатар елдердің ұлттық құрамы жайында біраз мәлімет бердік. Үміткерлер тізіміне көз жүгірте отырып, олардың араларында да айбынды жігіттердің бар екеніне анық көз жеткіздік. Бүгін енді осы турнир барысында Қазақ елі намысын кімдердің қорғайтыны жайында баяндауды құп көріп отырмыз. 

Таразда тұсауы кесілгелі отырған жарыстың мәртебесі аса биік болатынына еш күмән жоқ. Өйткені ұлттық күресімізді ұлықтауға бағытталған бұл шараны аса жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін осы саланың басы-қасында жүрген азаматтар барынша күш салуда. Жамбыл облысының атқамінерлері де қолдан келгенше көмек көрсетуде. Бір сөзбен айтсақ, бұл күндері ең соңғы даярлық жұмыстары пысықталуда. 

«Еуразия барысы» додасына 8 мемлекет қатысады. Олар  – Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қытай, Польша, Түркия, Иран және Моңғолия. Бұл елдердің барлығында күрес өнері керемет қарқынмен дамып келеді. Олардың әрқайсыcының жеңіспен өрілген өзіндік керемет дәстүрі бар. Бұл мемлекеттен әлемдік деңгейдегі додаларда жеңіс тұғырына көтерілген балуандар көптеп шыққан. Сондықтанда Тараздағы турнирдің аса тартысты өтетініне еш күмән болмауға тиіс. Оның үстіне жарыстың жүлделік қоры да мол. Бәске тігілетін қаражат бұл жолы 100 мың АҚШ долларын құрап отыр.

Жарыс командалық жүйеде бес салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Десек те, әр бәсеке барысында балуандарды алмастырып отыруға болады. Сол себепті Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлері «Еуразия барысына» 10 спортшыны қатыстыруды жөн санаған екен. Мәселен, аса жеңіл салмақта Жетісу өңірінің қос өрені бақ сынайды. Олар – алматылық Абзал Арыстанбеков пен талдықорғандық Аманкелді Сатыбалдинов. Екеуінің де есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Абзал да, Аманкелді де бірқатар халықаралық турнирлерде жүлде алған жігіттер.   

70 келі салмақта Ерлан Естек белдеседі. Ол 2008-2011 жылдар аралығында әлем және Азия чемпионы, әлем кубогының иегері атанған сақа спортшы. Елішілік жарыстарда да талай рет топ жарған. Ерланның балуандық өнермен қатар бапкерлік кәсіпті де қоса алып жүргенін де айта кетуге тиіспіз. Қандасымыз «Қазақстан барысы» турнирінде бақ сынаған Ғани Сейділдаев пен Асхат Уәлиевті жаттықтырған болатын. Дәл осы салмақта Ерлан Естектен бөлек әлем кубогының иегері Қуаныш Мұратов та күш сынасады.  80 келі салмақта қарағандылық Ерсін Мұхамеджанов пен Алматы облысының өкілі Саят Шәмшиев шеберлік байқасады. Ерсін – ел біріншілігінің күміс жүлдегері, Шымкентте өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы. Самбодан халықаралық аренада мықтылығын мойындатып, дзюдодан ел чемпионатында жүлде алған Саят қазақ күресі бойынша өткен жарыстарда да біраз танылып үлгерді. Бүгінгі таңда әйгілі балуан, білікті бапкер Айдын Смағұловтың қоласында жаттығатын Шәмшиевтің де шашасына шаң жұқтырмайтынына сенімдіміз. 

90 келі салмақ дәрежесіндегі сайыстарда Мұхит Тұрсыновтың өнеріне тәнті боламыз. Семей өңірінің өрені талай байрақты бәсекеде оза шапты. Әлем кубогының иегері, бірқатар дүбірлі додалардың жеңімпазы деген атақтары тағы бар. Бірқатар жарыстарда қарсылас шақ келтірмей, «темір тұлпарды» тізгіндегенін де жанкүйерлер жақсы біледі. Соңғы жылдары өткен бәсекелерде өзгелерін айтпағанда, Ұлан Рысқұл мен Бейбіт Ыстыбаев сынды апайтөстердің өздерінен айласын асырғаны да есімізде. Үстіміздегі жылы Мұхит «Қазақстан барысында» бақ сынаған болатын. Бұл салмақта Тұрсыновпен қоса, әлем кубогы мен Азия чемпионатының жүлдегері Бекзат Ахметбеков те өнер көрсетеді.

Талай байрақты бәсекеде жеңіс тойын тойлаған Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұғымаров сынды білекті әрі жүректі жігіттеріміз алыптармен айқасу құрметіне ие болып отыр. Бұл спортшыларды жамағатпен таныстырып жатудың өзі артық. Екеуі де әр жылдары «Қазақстан барысы» атанған апайтөстер екенін айтсақ та жеткілікті. Бейбіт бұл атаққа 2012 жылы қол жеткізсе, 2013 жылы Айбектің асығы алшысынан түсті. Сонымен қатар олардың көптеген басқа да аса ірі жарыстарда олжалаған атақ-даңқтары жетерлік.  

«Еуразия барысын» әлемнің 120 мемлекеті тамашалайды. Бірқатар арналар арқылы тікелей репортаж берілу көзделуде. Мұның барлығы да төл өнерімізді дамытуға, көсегесін көгертіп, көкжиегін кеңейтуге бағытталған іс-шаралар. Қазіргі кезде қазақ күресі әлемге танылғаны анық. Оған түрткі болып отырған жайт – төрткүл дүниенің әр қиырында әлем және құрлық чемпионаттарының, әлем кубогы мен басқа да халықаралық жарыстардың ұйымдастырылуы. Бұл бәсекелер түрлі жас ерекшеліктері бойынша өтеді. Сонымен қоса, «Қазақстан барысы» турнирі де қазақ күресінің дамуына тың серпін әкелді. Бұған дейін үш мәрте Астана төрінде жалауы желбіреген жарыстың деңгейі аса жоғары болды. Ол бірден көпшіліктің көңілінен шықты. Алтайдан Атырауға дейін созылған кең-байтақ еліміздің әр түпкірінен жиналған нар тұлғалы жігіттердің айқасын көруге еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін құштар. Айтулы жарысты биылғы жылы әлемнің бірқатар мемлекеті тамашалады. Осылайша, Азия мен Еуропаның дамыған мемлекеттері қазақтың төл өнерінің кереметтігін мойындап, құдіретіне бас иді. Міне, енді қос құрлықтың сайыпқырандарды ««Еуразия барысы» турнирінде бас қосқалы отыр. Бұл шара қазақтың балуандық дәстүрінің төрткүл дүние жұртшылығына түбегейлі танылуының алтын бастауы болатыны анық. Сондықтан да біз қазақ күресінің келешегі жарқын болатынына сенімдіміз.   

Қазақстандық жанкүйерлер бұл жарысты «Қазақстан» және «Қазспорт» арналары арқылы тамашалай алады. Бәсекелер 7 желтоқсанда Астана уақыты бойынша 13:00-де басталады.  

«Еуразия барысы» турниріне қатысатын командалардың құрамы

Ресей60 келі –  Сергей Филиппов70 келі – Андрей Ковалевский80 келі – Артем Ковалевский90 келі – Дмитрий Михайлов+90 келі – Алексей АлександровТүркия60 келі – Өмір Фарух Өзбай70 келі – Мұрат Ышык80 келі – Мұстафа Жошқын90 келі – Ердал Доған +90 келі – Бюлент ДоғанПольша60 келі – Кшыштоф  Киелбус 70 келі – Себастиан Джаниски80келі – Лукаш Блач90 келі – Камил  Козловски+90 келі – Масейдж СарнаскиИран60 келі – Сохбанберді Сафари70 келі – Хамид Мирзаи80келі – Мехди Вазари90 келі – Жафар Юнеси Бордж+90 келі –  Насыр Сахраи ДоулатханеҚытай60 келі – Ериденгбаолига 70 келі – Ли Чанкунг80 келі – Иерденг Чаокету90 келі – Фан Жиан+90 келі – Ядир Моңғолия  60 келі – Ганболд Херлен70 келі – Санжаасурен Миярагша80 келі – Ган Тувшинжаргал90 келі – Серік Бәйкемұрат +90 келі – Сугаржардал БолдпуревТәжікстан60 келі – Ибодулло Әлибердизода70 келі – Әзизи Бахтиер80 келі –  Зульфикор Одинаев90 келі – Олимжон Авезов+90 келі – Зафархон Сайдалимов

Авторы: Ғалым Сүлеймен