14-15 шілде күндері Гонконгта жасөспірімдер мен жастар арасында дзюдодан Азия кубогы өтті, деп хабарлайды Prosports.kz дзюдо федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Азия құрлығының 17 елінен 125 жас татами шебері белдескен сында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 қола жүлдемен медаль кестесінде 2-ші орынға жайғасты. Қазақстан жастар құрамасынан жарысқа 4 спортшы қатысып, оның барлығы жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, Дамир Болатбеков (55 кг), Бауыржан Нарбаев (60 кг) және Бекарыс Садуақас (-100 кг) жарыс барысында қарсылас шақ келтірмей, жарыс чемпионы атанса, Сұңғат Жұбатқан (66 кг) ел қоржынына қола медаль салды.

Дзюдодан Қазақстан жастар құрама командасының бас бапкері Арсен Хатип жастар 6 айдан кейінгі болатын Әлем Чемпионатына дайындықты бастап кеткенін айтып, пікірімен бөлісті.

- Қазақстан жастар құрамасы осы уақытқа дейін Еуропа кубогтарына қатысып жүрсе, кеше Азия кубогында бақтарын сынады. Нәтижесінде, ерлер командасынан 4 дзюдошы қатысып, 4-еуі де жеңіс тұғырынан көрінді. Дамир Болатбеков, Бауыржан Нарбаев, Бекарыс Садуақас жарыс чемпионы болса, Сұңғат Жұбатқан қолаға қол жеткізді.

Бұл жарысқа қатысудағы мақсат – әлемдік рейтинге жоғары ұпай жинап, спортшыларды Азия құрлығындағы балуандарымен белдестіру. Себебі, Еуропа, Азия елдерінің спортшыларымен әлем чемпионатында кездесеміз. Азияда біздің басты қарсыластарымыз – Оңтүстік Корея, Моңғолия, Жапония елінің спортшылары. Ал азиялықтар Еуропа ашық кубогтарына қатыса бермейді. Спортшыларымызды әр елдің дзюдошыларының, қарсыластарының тактикасына қарай дайындайтындықтан үшін әрбір жарыс біз маңызды болып отыр, - дейді, Қазақстан жастар құрама командасының бас бапкері Арсен Хатип.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы жастар арасындағы Әлем чемпионаты 17-21 қазан күндері Нассауда өтеді.