Қазақстанның Сочи олимпиадасына қатысатын құрама командасын спорттың 8 түрінен 17 шетелдік маман дайындайды.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев мәлім етті.

«Спорттың 8 түрі бойынша ұлттық құрама команданы дайындау үшін келісімшарт негізінде 17 жетекші шетелдік маман тартылды. Олардың қатарында біліктілігі жоғары шаңғы майлаушылар мен спорттық медицина саласындағы мамандар бар»,-деді Т. Есентаев.

Оның атап өтуінше, олимпиадалық циклге дайындық барысында 2012-2013 жылдардағы спорттық маусымға дайындықтың қорытынды кезеңіне ерекше назар аударылуда. Оның нәтижесі команданың олимпиада ойындарына дайындығында басты критерий болып саналады.

«Бұл тұрғыда Ұлттық құрама команда 193 оқу-жаттығу жиындарына және 175 халықаралық жарыстарға, оның ішінде әлем кубогі кезеңдеріне, әлем Азия чемпионаттарына рейтингтік және лицензиялық жарыстарға қатысты»,-деді агенттік басшысы.